Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Израильдегі жағдай: Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Израильдің әскери қызметкері
Израильдің әскери қызметкері. Көрнекі фото: Israeli Army/Anadolu Agency via Getty Images

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильдегі жағдай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Сондай-ақ оның сөзінше, Сыртқы істер министрлігі Израильдегі қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында азаматтардың тізімін жасап жатыр.

"Қазақстан көптеген бейбіт тұрғынның қазасына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығыстың өршуіне алаңдаушылығын білдіреді.

Біз тараптарды жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдарды іздеуге және екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі шиеленісуіне әкелетін әрекеттерге бармауға шақырамыз", – деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар оның сөзінше, Сыртқы істер министрлігі Израильдегі қазақстандықтарды отанға қайтару үшін олардың тізімін жасап жатыр.

"Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильде жүрген азаматтарымызбен тұрақты түрде байланыс ұстауда. Елшіліктің сенім телефоны ашылды, Қазақстан Республикасының азаматтарын елге қайтару мақсатында олардың тізімі жасалып жатыр", – деді Сыртқы істер министрінің ресми өкілі.

Израильдегі жағдай

Еске сала кетейік, 7 қазан күні таңертең Израильге Газа секторынан зымыран атқылаған болатын. Шабуыл үшін жауапкершілікті палестиналық ХАМАС ұйымы өз мойнына алды. Олардың әскери қолбасшысы Мұхаммед әл-Дейф "Буря Аль-Аксы" операциясының басталғанын мәлім еткен видео үндеу жариялады. Ол қарсыластарына 5 мың зымырандық соққы жасағанын мәлімдеді.

Кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жағдайға байланысты алғашқы мәлімдеме жасап, ел қазір соғыс жағдайында екенін айтты.

Сондай-ақ Израиль аумағында төтенше жағдай жарияланды.

Сонымен қатар Қазақстанның Израильдегі елшілігі елдегі ахуалға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Дипломаттар отандастарымызды қауіпсіз орындарды болуға шақырды.

Ал кеше, 8 қазан күні Израиль ХАМАС-қа жауап ретінде Газаға әуе шабуылын жасап, әскери операция бастаған болатын. Салдарынан жүздеген тұрғын қаза тауып, тағы мыңдаған адам жарақат алды.

Оған қоса бұған дейін Палестина мен Израиль арасындағы ахуалға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жабық жиналысы өткен болатын. Алайда Қауіпсіздік кеңестің мүшелері ешқандай мәлімдеме жасай алмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2040110-izraildegi-zagdai-qazaqstannyn-syrtqy-ister-ministrligi-malimdeme-zasady/

pixel