Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

БАҚ: Газа секторындағы әл-Ахли ауруханасында болған жарылыстан жүзден астам адам қаза тапты

Опубликовано:

Әл-Ахли ауруханасындағы жарылыстан кейін наразылық танытып көшеге шыққан тұрғындар
Әл-Ахли ауруханасындағы жарылыстан кейін наразылық танытып көшеге шыққан тұрғындар. Фото: Burak Kara/Getty Images

Палестина денсаулық сақтау министрлігі Израиль әскері Газа секторының орталығында орналасқан әл-Ахли ауруханасына соққы жасағанын хабарлады. Палестиналық БАҚ ақпаратына сүйенсек, шабуыл салдарынан кемінде 500 адам қаза болған. Ал Израиль әскері ауруханадағы қайғылы жайт палестиналық "Ислам жиһад" тобы ұшырған зымырандардың салдарынан болғанын мәлімдеді.

Жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйенген Би-би-си-дің Таяу Шығыстағы тілшісі Том Бэйтманның хабарлауынша, аурухана аумағында соғыстан қашып, паналаған жүздеген адам болған.

Оның айтуынша, әл-Ахлиде түсірілген фотолардан (Би-би-си әзірге бұл фотолардың шынайы екенін растай алмайды) қараңғыда ауыр жарақат алған адамдарды зембілмен алып кетіп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ фотолардан үйінділерге толы көшелерде қираған автокөліктер мен адамдардың денесін байқауға болады.

Британдық-палестиналық хирург, профессор Гассан Абу Ситтің сөзінше, әуеден шабуыл жасалған кезде ол ауруханада ота жасап жатқан. Айтуынша, аурухананың бір бөлігі өртене бастаған.

Газа өкілдері бұл шабуылға Израиль әскерилерін айыптап, кемінде 500 адамның қаза тапқанын хабарлады.

Израиль Қорғаныс армиясының хабарлауынша, қолда бар дерек бойынша әл-Ахли ауруханасы "Ислам жиһад" тобы ұшырған зымырандардың жарылысынан қираған.

Reuters агенттігінің қарулы ислам тобы өкілдерінің сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, "Палестинаның ислам жиһад" ұйымы бұл айыптауларды жоққа шығарып, ауруханадағы жарылысқа Израиль жауапты екенін мәлімдеген.

Израиль премьер-министрінің кеңесшісі Марк Регев Би-би-си-ге Израиль әскерилері ауруханаға қасақана шабуыл жасамайтынын айтқан.

"Жоғары басшылықтан келген ақпаратқа сай, мұның бәрі Израильдің бұйрығы емес, ХАМАС-тың сәтсіз ұшырылған зымырандар салдарынан болған. Газадағы лаңкестермен бұған дейін болған қақтығыстардан байқағанымыздай, олардың бізге атқан зымырандарының орта есеппен 33 пайызы көздеген нысанына жетпей, Газада жарылады", - дейді ол.

Әл-Ахли ауруханасына соққы жасалғанын естіп, Израиль басып алған Иордан өзінің батыс жағалауында орналасқан Рамалла қаласының жүздеген тұрғыны көшеге шығып, наразылығын білдірген.

Палестиналық автономия басшысының баспасөз хатшысы Газада болған оқиғаны геноцид және гуманитарлық апат деп атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2041441-baq-gaza-sektoryndagy-al-axli-auruxanasynda-bolgan-zarylystan-zuzden-astam-adam-qaza-tapty/