Таяу Шығыстағы эскалация: қазір не белгілі (фото, видео)
Жарияланған күні:
7 қазаннан бері жағдай шиеленіскен Израиль мен Палестина арасында қазіргі уақытта не болып жатқанына шолу жасайық.
The Times of Israel басылымының мәліметінше, ХАМАС (бірқатар елде террористік ұйым деп танылған - ред. ескертпесі) Израильдің орталығына зымыранмен соққы жасап, тұрғындар әуе соққыларының видеосы мен суреттерін жариялап жатыр. Онда Цахалдың (Израильдің қорғаныс армиясы - ред. ескертпесі) "Темір күмбез" әуе қорғаныс жүйесі бұл шабуылдарды тойтарғаны көрсетілген.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ.
Ресей билігі ХАМАС өкілдерімен Мәскеуде кездесті. Көрші ел сыртқы ведомствосы таратқан ақпаратты РИА Новости жариялады. Бұл кездесуде "шетелдік тұтқындарды босату" мәселесі талқыланған. Кездесуге келген қозғалыс мүшелерінің бірі Әбу Марзук "саяси бюро мүшесі" деп аталған. Алайда Ресей СІМ-нің хабарламасында Әбу Марзукпен Ресей тарапынан нақты кім кездескені айтылмаған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путинмен кездесу жоспарланбағанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Израиль СІМ-і арнайы мәлімдемесінде ХАМАС өкілдерінің Ресейге жасаған сапарын сөгіп, Ресей билігін "лаңкестерді елден дереу қууға" шақырды.
"ХАМАС – ДАИШ-тен де жаман террористік ұйым. Израиль ХАМАС басшыларын Мәскеуге шақыруды ХАМАС террористерінің қатыгездіктеріне қолдау білдіріп, ХАМАС лаңкестерінің қатыгездіктеріне жол беретін лайықсыз қадам ретінде қарастырады. Біз Ресей үкіметін ХАМАС террористерін дереу қуып шығуға шақырамыз", - делінген Израиль Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Израиль армиясы Telegram-дағы ресми арнасында ХАМАС барлау басқармасы басшысының орынбасары, оның ішінде 7 қазанда Израильге шабуыл жасауды жоспарлаған шенеуніктің көзі жойылғанын жариялады.
ХАМАС болса Цахалдың Газа секторына жасаған соққыларынан кепілге алынған 50-ге жуық адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы alarabiya.net хабарлады. Алайда бұл ақпаратқа басқа дереккөздерден әзірше растау жоқ.
Израиль Қорғаныс армиясының жаңа мәліметтері бойынша, ХАМАС 7 қазандағы шабуылда кем дегенде 224 адамды кепілге алған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2042748-tayau-sygystagy-eskalaciya-qazir-ne-belgili-foto-video/