Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Қытай ЖИ-дің "апатты қаупі" туралы декларацияға қол қойды

Опубликовано:

Блетчлидегі ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі саммит
Блетчлидегі ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі саммит. Фото: Chris J. Ratcliffe via Getty Images

Ұлыбритания, АҚШ, ЕО және Қытай жасанды интеллекттің адамзатқа "апатты қаупі" туралы біріккен декларацияға қол қойды, деп жазады The Guardian.

Басылымның хабарына қарағанда, әр елден 28 үкімет жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселесі жөніндегі саммиттің бірінші күні декларацияға қол қойған. Бұл саммитті Ұлыбритания үкіметі Блетчлиде ұйымдастырған. Елдер ЖИ қауіпсіздігін зерттеу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

"Осы ЖИ үлгілерінің ең маңызды мүмкіндіктерінен туындайтын қасақана да, байқаусызда да елеулі, тіпті апатты зақым келтіру қатері бар. Жасанды интеллект өзгерістерінің жылдам және белгісіз қарқынын, сондай-ақ технологияға инвестицияларды жеделдету контекстінде біз осы ықтимал тәуекелдер мен оларды жоюға бағытталған әрекеттер туралы түсінігімізді тереңдету әсіресе өзекті деп санаймыз", – делінген құжатта.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак декларацияны құптап, оны маңызды жетістік деп атады.

"Біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін жасанды интеллект сияқты технологиялық жетістіктерден артық өзгеріс болмайды. Біз туындайтын тәуекелдерді алдын ала анықтай отырып, жасанды интеллекттің қауіпсіз және жауапты дамуын қамтамасыз етуге міндеттіміз", – деді ол.

Басылым Оңтүстік Корея екінші саммитті алты айдан кейін, ал Франция бір жылдан кейін өткізуге келіскенін жазған.

Еске салайық, қыркүйек айында Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс, Сундар Пичаи, Сэм Альтман (OpenAI) сияқты танымал әрі табысты кәсіпкерлер, сондай-ақ Кремний алқабының жетекші әзірлеушілері, кәсіподақ жетекшілері, азаматтық құқыққорғаушылар және үкімет өкілдері қатысқан "ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі форумы" өткен. Бұл іс-шара күнделікті өмір мен жұмыс тәуелді болатын жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуын бақылауға алудың тағы бір әрекеті еді.

Bloomberg Еуропалық Одақ генеративті ЖИ модельдері мен жүйелерін реттеуге үш деңгейлі тәсілді енгізуді қарастырып жатқанын жазды. Бұл жылдам дамып келе жатқан технологияларды реттеуді жүзеге асырудың жалпы жоспарының бөлігі.

Сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында сөйлеген сөзінде жасанды интеллекттің адамзатқа қаупі туралы айтқан еді. Мемлекет басшысы ЖИ қазақстандықтардың жұмысын алып қоймайтынын, сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллектті реттеу жөніндегі заңнамалық актілерді қабылдау керегін мәлімдеген.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметте ЖИ-ге мамандандырылған data-орталықтардың құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Таяуда Collins English Dictionary британдық ағылшын сөздігінің нұсқасы бойынша 2023 жылдың сөзі AI — жасанды интеллект болған. Сөздікті құрастырушылар бұл сөзді "ендігі технологиялық революция" деп атады, өйткені ол тек технологияны ғана емес, сонымен қатар, адамның сөйлеуіне еліктеуді, мәтіндер, презентациялар, фотосуреттер мен видеоларды жазуды сипаттайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2043703-aqs-eo-ulybritaniya-zane-qytai-zi-din-apatty-qaupi-turaly-deklaraciyaga-qol-qoidy/

pixel