Қырғызстан туын өзгерту: азаматтар президенттің Instagram-парақшасына "шабуылдады"
Жарияланған күні:
Қырғызстан туын өзгертуге келіспеген азаматтар президент Садыр Жапаровтың Instagram-парақшасында пікір қалдырып, наразылық білдірген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қырғызстан тұрғындары мемлекет басшысынан ел туын өзгертпеуін сұрайды. Ел азаматтары президент Садыр Жапаровтың әлеуметтік желідегі соңғы жазбаларының астына мыңдаған пікір қалдырған.
"Туды өзгертуге қарсымын", "Туға тимеңдер", "Туымызды жақсы көремін" - деп жазған қырғызстандықтар.
Kaktus Media мәліметінше, белсенділер Бішкекте туды өзгертуге қарсы автошеру өткізуді жоспарлаған, бірақ елордалық полиция бұған жол бермеген.
Белгілі болғандай, наразылық білдірушілер 7-ықшамаудандағы Аалы Токомбаев көшесіндегі "Глобус" гипермаркетінің маңында жиналды. Полицейлер Октябрь ауданында жаппай жиын өткізуге тыйым салынғанын айтып, көліктерге ілінген туларды алып тастауды талап етті.
Автошеру болмағанмен, бірақ белсенділер оны 9 желтоқсанда ұйымдастырамыз де шешкен. Басылымдағы дерек бойынша, бұл күні туды өзгертуге қарсы митинг жоспарланған.
Еске сала кетейік, сол елдің депутаттары қыркүйекте Қырғызстандағы тудың дизайнын өзгерту бастамасын көтерген болатын.
Қарашаның аяғында Қырғызстан парламенті бірінші оқылымда мемлекеттік туды өзгерту туралы заң жобасын мақұлдағанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2048953-qyrgyzstan-tuyn-ozgertu-azamattar-prezidenttin-instagram-paraqsasyna-sabuyldady/