Израиль мен ХАМАС соғысы басталғалы Газа секторында 16 мыңнан аса адам қаза болды
Жарияланған күні:
Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс күшейген сәттен бастап Газа секторында қаза тапқандар саны 16 248-ге дейін өсті, 43 мыңнан астам адам жарақат алды.
Al Arabiya Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып, Израиль мен ХАМАС қақтығысы басталғалы кем дегенде 16 248 адам өлтірілгенін хабарлады.
"Егер (Израиль) күштерінің алға жылжу қарқыны сақталса, Денсаулық сақтау саласы толығымен құлдырауы мүмкін", – деді Газа секторының денсаулық сақтау министрі Май әл-Кайла.
Ол министрлік нақты уақыт режимінде қаза тапқандарды санау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын, бірақ соғыста қаза тапқандардың ақтық саны әлдеқайда жоғары болатынын айтты.
РИА Новости де Палестина анклавы үкіметінің ақпарат орталығының мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, үйінді астында қалып қойған хабар-ошарсыз кеткендердің саны 7600-ге, жараланғандар саны 43 616-ға жеткенін хабарлады.
Еске салайық, қараша айында Израиль мен ХАМАС тобы арасындағы соғыс басталғаннан бері қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны 13,3 мыңнан асқаны хабарланған еді. Оның 5,6 мыңы - балалар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2049327-izrail-men-xamas-sogysy-bastalgaly-gaza-sektorynda-16-mynnan-asa-adam-qaza-boldy/