Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БАҚ: Ресейде оқушы қыз мектепте атыс шығарып, екі адам қаза болды

Опубликовано:

Тапанша ұстаған ер адам
Тапанша ұстаған ер адам. Көрнекі фото: pexels.com

Бүгін, 7 желтоқсанда Ресейдің Брянск қаласында орналасқан мектепте атыс болды. Қайғылы оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бесеуі жарақат алған. Күдікті 8-сынып оқушысы екені анықталды.

РИА Новости төтенше жағдайлар қызметі өкілінің сөзіне сүйеніп таратқан ақпараты бойынша, атыс Брянск қаласындағы №5 гимназия мектебінде болған.

Агенттік мәліметінше, оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары білім беру мекемесін қоршауға алған. Шабуыл жасаған күдікті әкесінің мылтығын мектепке алып келген.

"8-сынып оқушысы гимназияға әкесінің қаруын әкеліп, бірнеше рет оқ атқан", – деп жазады агенттік спикер сөзіне сілтеме жасап.

Атыс аяқталғаннан кейін барлық оқушы ғимараттан эвакуацияланған.

Қала әкімшілігінің ақпараты бойынша, оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жараланған.

"Бүгін сағат 09:15-те қалалық диспетчерлік қызметке Бежиц ауданына қарасты №5 гимназияда төтенше жағдай болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, 8-сынып оқушысы мектепке қару әкеліп, оқ жаудырған. Салдарынан бес адам зардап шеккен, екеуі қаза тапқан, көз жұмғандардың бірі – марқұм қыздың өзі болуы мүмкін", – деп жазады агенттік қала әкімдігіне сілтеме жасап.

SHOT Telegram-арнасы мәліметіне сүйенсек, атысты естіген мектеп оқушылары мұғалімдердің үйретуінше бірден оқу сыныптарында, киім ауыстыратын бөлмелер мен дәретханаларда жасырынып, есікке тосқауыл қойған.

"Брянск қаласында 8-сынып оқушысы сабақ үстінде сыныптастарына оқ жаудырды. Қыз мектепке әкесінің қаруын әкелген. Ол дәл сабақ басталған кезде кабинетке кірген", – деп жазады басылым.

Ресей Федерациясы ІІМ Telegram арнасы дерегінше, күдікті өз-өзіне қол жұмсаған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылардың бірі гимназия мекемесіне атыс қаруын әкеліп, бірнеше рет оқ атқан, салдарынан үш адам жарақат алды. (...) Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда", – делінген ведомство хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2049648-baq-reseide-oqusy-qyz-mektepte-atys-sygaryp-eki-adam-qaza-boldy/

pixel