Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Армения ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатты: Қазақстан СІМ қандай пікірде

Опубликовано:

ҰҚШҰ ұйымына мүше елдердің тулары
ҰҚШҰ ұйымына мүше елдердің тулары. Фото: Odkb-csto.org

Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко сенат кулуарында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтату туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Роман Василенко Арменияның ҰҚШҰ-дан шыққаны туралы ресми ақпарат жоқ екенін айтты.

"Менде Арменияның ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтатқаны немесе тоқтататыны туралы ешқандай ақпарат жоқ, біз Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқаны туралы мәлімдемені ғана көріп отырмыз. Менің білуімше, Армения ешқандай заңды шара қолданбаған. Яғни заңды тұрғыдан Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатпайды", - деді ол.

Оның айтуынша, ұйымның жарғысында мүшелікке өту және одан шығу шарттары жазылған.

"Ұйым, әрине, одан әрі қызметін жалғастырады (тіпті кез келген ел шығып кетсе де – ред. ескертпесі). Шартта барлық талаптар көрсетілген: жаңа мүшелердің кіруі үшін де, бұрыннан барлардың шығуы үшін де. Елдердің бірі қатысуын тоқтатса да, ұйым жұмысын жалғастырады", - деді Василенко.

Бұл ретте ол қазіргі уақытта Қазақстанның өкілі (Иманғали Тасмағамбетов) ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы қызметін атқаратынын еске салды.

"Қазақстан ұйымды нығайтуға тырысуда, бұл біздің ойымызша, әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды. ҰҚШҰ Қазақстан Республикасы үшін маңызды рөл атқарды, атқаруда және алдағы уақытта да атқарады", - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Еске салайық, 22 ақпанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян француз телеарнасына берген сұхбатында өз елінің ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Алайда ұйымнан толық шығу туралы ештеңе айтылмады.

Кейін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының хатшылығы Никол Пашинянның Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтату туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді. Олар Ереван тарапынан мүшелікті тоқтату туралы мәлімдеме болмағанын хабарлады.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) қызметі, оның ресми сайтында көрсетілгендей, бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық негізде қорғауға бағытталған.

Қазіргі уақытта ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2063726-armeniyanyn-uqsu-ga-qatysuyn-toqtatty-qazaqstan-sim-tusinik-qandai-pikirde/

pixel