"Крокус Сити Холлдағы теракт": тағы үш адамға бұлтартпау шарасы таңдалды
Жарияланған күні:
Мәскеудің Басманный аудандық соты "Крокус Сити Холл" ғимаратында болған терактіге байланысты ұсталған үш ер адамды қамауға алу туралы үкім шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Мәскеу қаласының жалпы юрисдикциялық соттарының Telegram-арнасында хабарланғандай, РФ Қылмыстық кодексінің 205 бабы 3-бөлігінің "б" тармағында көзделген "Террористік акт" қылмысын жасады деп айыпталған Исломов Диловар Исроиловичке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Сот күдіктіге қатысты 1 ай 29 тәулікке, яғни 2024 жылдың 22 мамырына дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Дәл осындай айыппен Исломов Исроил Ибрагимович пен Исломов Аминчон Исроилович та 2024 жылдың 22 мамырына дейін қамауға алынған.
"Интерфакс" агенттігінің мәліметінше, Диловар Исломов – Ресей азаматтығы бар Тәжікстан тумасы, үйленген, үш айлық баласы бар, такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Аминчон Исломов та Ресей азаматтығын алған Тәжікстан тумасы, екі некеден жеті баласы бар, ол да такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Исроил Исломов та Тәжікстан азаматы, Ресейде тұруға рұқсаты бар, Тверьде тұрады, жұмыссыз.
Дүйсенбіде Ресейдің Тергеу комитеті өкілдері хабарлағандай, тергеу нұсқасы бойынша, жақында қамауға алынған тағы бір айыпталушы Шамсидин Фаридуни 2024 жылдың қаңтарында Аминчон Исломовты терактіге қатысы бар ұйымдасқан топқа тартқан, ал 2024 жылдың 11 наурызына дейін Диловар Исломовты да осы топқа тартқан.
Лаңкестер мінген көліктің бұрынғы иесі Диловар Исломов екені хабарланды. Аминчон Исломов болса, сотта өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген.
"Крокус Сити Холл" ғимаратындағы теракт
22 наурызда кешке Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді. Бұл оқиғадан кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады.
24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Соңғы мәлімет бойынша "Крокус-Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің салдарынан қаза тапқандар саны 139 адамға жеткен, 90-нан астам адам ауруханада жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2073117-krokus-siti-xolldagy-terakt-bir-otbasynyn-us-adamy-qamauga-alyndy/