Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі өрттен кейінгі "Крокус Сити Холлды" көрсетті (видео)
Жарияланған күні:
22 наурызда теракт болған Ресейдің "Крокус Сити Холл" ғимаратында авариялық-құтқару жұмыстары аяқталды. Ресейлік құтқарушылар оқиға орнынан кадрлар жариялады, деп хабарлайды Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ТЖМ мәліметінше, ведомство мамандары өрт салдарын толық жойған және үйіндінің арасын қарау жұмыстарын аяқтаған. Ендігі жұмыстар инженерлік техниканы пайдалана отырып жүзеге асырылады.
ТЖМ өкілдері 900 текше метрден аса опырылған конструкция бөлшектеліп, шығарылғанын айта кетті. Оқиға орнында 1000-нан аса маман және 300 техника жұмыс істеген.
"Крокус Сити Холл" ғимаратындағы теракт
22 наурызда кешке Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді. Бұл оқиғадан кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады.
24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Соңғы мәлімет бойынша "Крокус-Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің салдарынан қаза тапқандар саны 139 адамға жеткен, 90-нан астам адам ауруханада жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2073675-reseidin-totense-zagdailar-ministrligi-ortten-keiingi-krokus-siti-xolldy-korsetti-video/