Грузияда шетелдік агенттер туралы заңды талқылау кезінде бір депутат екінші депутатты бөтелкемен ұрды
Жарияланған күні:
Грузияда шетелдік агенттерге қатысты заң жобасының төңірегінде жағдай шиеленісе түсті. Құжатты талқылау барысында екі депутат арасында жанжал туды, деп хабарлайды РБК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның грузиялық БАҚ-қа сілтеме жасап жазуынша, шетелдік агенттер туралы заң жобасы талқыланған заң комитетінің отырысында Грузия парламентінің депутаты Хатия Деканоидзе үкіметшіл депутат Гурам Мачарашвилиді пластик бөтелкемен ұрып жіберген.
Деканоидзе мен Мачарашвили арасында ауызша жанжал туған. Комитет төрағасы Анри Оханашвили микрофон өшірілгеннен кейін де сөзін жалғастырған Деканоидзені тәртіпті бұзғаны үшін залдан шығарды.
БАҚ Деканоидзе парламенттің мүшелерінің көбін "орыстар" деп атағанын жазады. Мачарашвили оған Грузия азаматтығын Украинадағы қызметке айырбастағанын айтып жауап берді. Деканоидзе 2015–2016 жылдары осы елдің Ұлттық полициясын басқарған.
Жанжал кезінде Деканоидзе Мачарашвилиді бөтелкемен ұрып, кейін оны әріптесіне қарай лақтырып жіберген.
Отырыс қорытындысы бойынша Заң мәселелері комитеті заң жобасын екінші оқылымда қолдады. Талқылау аясында Тбилисидегі парламент ғимараты маңында билік партиясы жақтастарының заң жобасын қолдаған митингісі басталды. Дәл осы уақытта Тбилисидегі Ваке саябағында заң жобасына наразылық акциясы өтті.
Шетел агенттері туралы заң жобасы Грузияда бірнеше ай бойы қаралып жатыр, ол жаппай наразылықтар кезінде қараудан алынып тасталды.
Еске салсақ, сәуірдің ортасынан бері шетелдік агенттер туралы заң жобасы қарастырыла бастаған кезде, полиция наразылық акциясына қатысқан бірнеше адам ұсталғанын хабарлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2093375-gruziiada-sheteldik-agentter-turaly-zangdy-talqylau-kezinde-bir-deputat-ekinshi-deputatty-botelkemen-urdy/