Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

Израиль Газаның құрлықтағы шекараларын толық бақылауға алғанын мәлімдеді: бұған Каир наразы

Опубликовано:

Израиль туы
Израиль туы. Фото: Getty Images / stock photo

Израиль әскері Газа мен Мысыр шекарасындағы Филадельфия дәлізі деп аталатын стратегиялық маңызды буферлік аймақты бақылауға алғанын хабарлады. Қазір Цахал Газаның барлық құрлықтық шекарасын бақылауда ұстап отыр.

Цахал өкілі бұл аймақта ХАМАС-тың Газаға контрабандалық жолмен қару-жарақ тасымалдайтын 20 шақты туннелі табылғанын мәлімдеді.

Мысыр телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап, Израиль Рафахтағы әскери операциясын ақтауға тырысып жатқанын айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Кейінгі күндері Цахал әскері Мысыр мен Рафах шекарасындағы Филадельфия дәлізіне жедел бақылау орнатты", - деп мәлімдеді сәрсенбіде Цахал өкілі контр-адмирал Даниэль Хагари.

Ол дәлізді ХАМАС үшін "құтқару шеңбері" деп атады, топ сол арқылы Газа секторына тұрақты түрде қару-жарақ тасымалдап келген.

Оның айтуынша, әскерлер аймақта табылған туннельдерді тексеріп, залалсыздандырып жатыр.

Кейінірек Хагари туннельдердің Мысыр аумағына шығатынына толық сенімді емес екенін айтты.

Филадельфия дәлізі ені шамамен 100 метр болатын буферлік аймақ саналады, ол Газаның Мысырмен шекарасында 13 шақырымға созылады. Газаның қалған құрлықтық шекарасы Израильмен шектеседі.

Мысыр бұған дейін шекарадағы туннельдерді жойып, қару-жарақ контрабандасының жолын кескенін мәлімдеген.

Al-Qahera News агенттігіне сілтеме жасаған мысырлық жоғары лауазымды дереккөз Израиль бұл айыптауларды Палестинаның Рафах қаласындағы операцияны жалғастыру және саяси мақсатта соғысты ұзарту үшін қолданып жатқанын айтты.

Израиль Рафахты басып алмай, ондағы қалған ХАМАС содырларын жоймайынша, радикалды топқа қарсы соғыста жеңіске жету мүмкін емес деп санайды.

Үш апта бұрын Израиль әскерлері Газа жағындағы Рафах шекара бекетін бақылауға алғаннан кейін Мысыр мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейе түсті.

Осы аптаның басында Рафах маңындағы шекаралық аймақта мысырлық және израильдік әскерлердің қатысуымен болған оқиғада бір мысырлық сарбаз қаза тапты.

Каир палестиналықтарды батыл түрде қолдап отыр және Израильдің мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тауып, жараланған Газадағы әскери науқанын айыптайды. Алайда Израиль сияқты Мысыр да 2006 жылы билікке ХАМАС келгелі Газамен шекарада блокада орнатқан.

Мысыр ұлттық қауіпсіздік себептерін алға тартып, Газадан келген босқындарды қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Алайда Мысыр ХАМАС-пен байланыс арналарын ашық ұстап, Израиль мен топ арасындағы жанама келіссөздерде делдал болып, атысты тоқтату және Газада содырлар қолға түсірген израильдіктерді кепілден босату туралы келісімге келуге тырысуда.

Израиль Газаға шабуылын 7 қазанда ХАМАС содырлары елдің оңтүстігіне шабуыл жасап, 1200-ге жуық адамды өлтіріп, 252 адамды кепілге алған соң бастады.

Газадағы ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі сол уақыттан бері соғыста кем дегенде 36 170 палестиналық қаза тапқанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2109705-izrail-gazanyng-qurlyqtagy-shekaralaryn-tolyq-baqylauga-alganyn-malimdedi-bugan-kair-narazy/