АҚШ-та дағдарыстың салдарынан бала туу көрсеткіші төмендеді
Жарияланған күні:
Вашингтон өкілдерінің айтуынша, Америка Құрама Штаттарында экономикалық құлдырау 2009 жылы аяқталды.
Алайда оны қайта қалпына келтіру процесі өте баяу жүруде.
Жығылғанға жұдырық дегендей, елде кең орын алған жұмыссыздық және сыртқы қарыздың өсуі секілді мәселелерге әлеуметтік маңызы зор тағы бір проблема қосылды.
АҚШ-тағы қаржы дағдарысы тек банктер мен коммерциялық құрылымдарына ғана ықпал етіп қойған жоқ.
Америкалықтардың көпшілігі отбасын құрып, өмірге нәресте әкелу туралы жоспарларын жүзеге асыруды кейінге қалдыратын болады.
Соңғы екі жыл ішінде АҚШ халқының өсімі небәрі 0,7 пайыз болды, ал бұл – әдеттегі орташа көрсеткіштің 3/2 бөлігі ғана.
2010 жылдың жазы мен 2011 жылдың жазы аралығында өмірге келген нәресте саны 2008-2009 жылдардың осындай кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 200 мың сәбиге кем.
Карл ХАУБ, АҚШ ХАЛЫҚ САНЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БЮРОСЫ ДЕМОГРАФИЯ БОЙЫНША САРАПШЫСЫ:
- Соңғы бір жылдағы халық санының өсімі ұлы дағдарыстан бергі уақыт ішіндегі ең төменгі деңгейді көрсетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын, 2008 жылы, елде бала туу деңгейі біртіндеп төмендей бастағанда, біз оны экономикамен байланыстырған жоқ едік. Енді міне, арада 3-4 жыл өткенде, бала туу деңгейінің төмендеуінің басты себебі – экономикалық дағдарыс екенідігінде еш күмән жоқ. Адамдар бұрынғыдай болашағына сеніммен қарай алмайды.
Ертеңгі күнге деген сенімнің жоқтығынан тек бір ғана 2010 жылы АҚШ-та отбасын құруға ниет еткендер саны 5 пайызға төмендеп кетті. Бүгінгі таңда Америка тұрғындараның 51 пайызы некелерін ресми тіркеген.
Ал осыдан 50 жыл бұрын жастары 18-ден асқан америкалықтардың 72 пайызы ресми некеде тұрған жұптар болатын. Сарапшылардың пікірінше, отбасын құру көрсеткішінің осылай төмендеп кетуі дәл осы экономикалық дағдарыстың салдары.
Елдегі экономикалық проблеманың тағы бір белгісі – АҚШ-қа сырттан келетін адамдар санының қысқаруы. 2009-2010 жылдары бұл көрсеткіш де 150 мыңға төмендеген.
Карл ХАУБ, АҚШ ХАЛЫҚ САНЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БЮРОСЫ ДЕМОГРАФИЯ БОЙЫНША САРАПШЫСЫ:
- Дағдарыстың тағы бір қыры – елде жұмыс орындары саны қысқарған соң, сырттан келушілер саны да азайып кетті.
Экономикалық ахуал күрделі болып тұрған қазіргі таңда жұмыс табу америкалықтардың өздеріне де оңай емес. АҚШ еңбек министрлігінің соңғы деректеріне қарағанда, елдегі жұмыссыздық деңгейі 8,3 пайыз болды. Ал 2007 жыл соңында бұл көрсеткіш 5 пайыз деңгейінде болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/211154-aksh-ta-dagdarystyn-saldarynan-bala-tuu-korsetkishi-tomendedi/