Иран әуе кеңістігін толықтай жапты: барлық рейс тоқтатылды
Жарияланған күні:
Иранның әуе кеңістігі дүйсенбі таңына дейін жабылады – елге және елден ұшатын барлық рейс тоқтатылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ РБК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның хабарлауынша, Иранның әуе кеңістігіндегі барлық рейс осы күннің 21:00-ден бастап 7 қазандағы таңғы 6:00-ге дейін жергілікті уақыт бойынша (Астана уақытымен 22:30-дан 7:30-ға дейін) тоқтатылады.
Жолаушыларға қосымша ақпарат алу үшін әуе тасымалдаушыларына хабарласуға кеңес беріліп, ақшаны қайтару мәселесіне алаңдамау керегі айтылған: қаражатты қайтару жолдары кейінірек жарияланады деп уәде етілді.
Иранның Азаматтық авиация ұйымы рейстердің тоқтатылуын эксплуатациялық шектеулер деп түсіндірді. Алайда басылым Иранның әуе кеңістігі соңғы рет 2 қазанда, Израильге жаппай зымыран атқылаудан бұрын жабылғанын жазған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Көлік министрлігі өкілдері Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты қазақстандық әуе компанияларына Иранның әуе кеңістігін айналып өтуге және баламалы бағыттарды таңдауға кеңес берген болатын.
Еске салайық, 1 қазанға қараған түні Израиль Қорғаныс армиясы Ливанның оңтүстігінде құрлық операциясын бастағанын хабарлады. ЦАХАЛ "Хезболла" әскери тобына қарсы шекара аймағында "шектеулі" рейдтер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Көп ұзамай Иран Израильге қарай жүздеген зымыран ұшырды. Бұл оқиға туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеме жасап, Иранның бұл әрекетін үлкен қате деп атап, шабуылға жауап қайтаратынын ескертті. Ал Иран болса, Израильге жасалған шабуылды өзін-өзі қорғау деп атап, оның аяқталғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2170678-iran-aue-kengistigin-tolyqtai-zhapty-barlyq-reis-toqtatyldy/