Ливанда ХАМАС-тың жаңа басшысы тағайындалды
Жарияланған күні:
Читать на русскомЛиванда қаза болған Яхья Синвардың орнына ХАМАС тобының жаңа басшысы кім болғаны белгілі болды. Халед Машаль топтың саяси қанатының жетекшісі атанды, деп хабарлайды РБК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бүгін, 18 қазанда Ливан телеарнасы Израиль әскерилері Яхья Синвардың көзін жойғаннан кейін Халед Машаль ХАМАС-тың саяси қанатының басшысы болып тағайындалғанын хабарлады.
Телеарна мәліметінше, Палестина тобының басшылығы түрік, катар және мысырлық делдалдарға оның жетекшісі Яхья Синвар Рафахтағы Тал әл-Сұлтан аймағында өлтірілгенін және саяси қанаттың басшысы ретіндегі міндетті Машаль атқаратынын хабарлады.
Сондай-ақ телеарна АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен мен Қатар Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдул Рахман Әл Танидің телефон арқылы сөйлесуінде Синвардың өлтірілуі және Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келіссөздердің салдары талқыланғанын хабарлады.
Халед Машаль 1996 жылдан 2017 жылға дейін ХАМАС саяси бюросының басшысы қызметін атқарған, содан кейін Исмаил Ханияға орын берген. Соңғы уақытта ол Қатарда тұрып жатқан. Бұған дейін Кувейтте, Иорданияда, Сирияда тұрған.
БАҚ-та жарияланған ақпараттарға сүйенсек, 1998 жылы Израиль барлау қызметтері Иорданияда Мешальға улы дәрі салып, ол комаға түскен.
Шілденің соңында Палестинаның ХАМАС қозғалысы Саяси бюросының басшысы Исмаил Хания резиденциясына жасалған шабуыл салдарынан Тегеранда қаза тапқанын жазған едік. Ақпаратты Ислам революциясы сақшылары корпусы растады.
Еске салайық, кеше, 17 қазанда ХАМАС саяси бюросының басшысы Яхья Синвардың қайтыс болғаны туралы ақпарат пайда болды. Ол Газадағы Израиль әскері операциясы кезінде қаза болуы мүмкін екені хабарланған болатын.
Кейін Израиль қорғаныс күштері палестиналық ХАМАС қозғалысының басшысы Яхья Синвардың көз жойылғанын ресми түрде растады. Израиль Сыртқы істер министрі де осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.
Кейін АҚШ президенті Джо Байден Газадағы ХАМАС жетекшісі Яхья Синвар өлтірілген операциядан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға телефон соғып, құттықтады.
ХАМАС жетекшісі Синвар қаза болғаннан кейін "Хезболла" Израильмен қақтығыстың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.
Франция президенті Эммануэль Макрон Еуроодақ саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Израильден Газа мен Ливандағы операцияларын тоқтатуды сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2175882-livanda-hamas-tyng-zhanga-basshysy-tagaiyndaldy/