Қырғызстанда билікті басып алмақ болды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚырғызстанда билікті басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Бұл туралы республиканың ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында хабарланғандай, жедел қызметтер билікті күшпен басып алуды жоспарлаған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдіктілерді ұстады.
"Ішкі істер министрлігі Қылмыстық іздестіру бас басқармасының қызметкерлеріне белгілі бір топтың жаппай тәртіпсіздіктер дайындағаны және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандырмақ болғандығы туралы ақпарат келіп түсті.
Алынған мәліметтерге қарағанда, бұл ұйымдасқан топ жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және билікті күшпен басып алу мақсатында құрылған. Әр қатысушыға рөлдер бөліп берілген (ұйымдастырушылар, қолдаушылар, қаржыгерлер, орындаушылар).
Осылайша, спорттық ойындарды, сондай-ақ басқа да жарыстарды Бішкек маңында өткізу жоспарланған. Олар ұлттық спорт ойындарын өткіземіз деген желеумен 2024 жылғы 17 қарашада өтетін жергілікті кеңестерге сайлау күні билікті одан әрі күшпен басып алу үшін зорлық-зомбылыққа шақырып, конституцияға қайшы шақырулар жасап, жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген", - делінген хабарламада.
Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, топ мүшелері болып табылатын бірқатар адамды ұстады.
Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, барлығы жеті адам ұсталған. Тінту кезінде қару-жарақпен қоса, "адамдарды масайтуға арналған 1000 бөтелке арақ, 2000 бөтелке минералды су, 1 тонна күріш, союға арналған 1 жылқы және бүлікшілерге палау дайындауға арналған азық-түлік табылған".
Ұсталғандардың барлығына қатысты қылмыстық іс қозғалып, айып тағылды.
Іс бойынша тергеу жалғасуда, деп хабарлады ведомство.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2186478-bilikti-basyp-aludy-zhosparlagan-qyrgyzstanda-zhappai-tartipsizdik-uiymdastyrmaq-bolgan-kudiktiler-ustaldy/