Бразилия Жоғарғы соты маңында бірнеше жарылыс болып, бір адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Сәрсенбіде кешке Бразилия қаласындағы Жоғарғы сот ғимараты маңында екі жарылыс болды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, сот ғимаратына кіруге талпынған адам беліне таққан жарылғыш затты іске қосты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Шетелдік БАҚ мәліметтерге қарағанда, алғашқы жарылыс жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 19.30-да болған. Ол Конгресстің төртінші корпусына жақын маңдағы көшеде болғаны мәлім. Содан кейін күдікті Жоғарғы сот ғимаратына кіруге талпынған, бірақ ішке өте алмаған. Екінші жарылыс сот есігінің алдында болған.
Федералдық округ вице-губернаторы Селина Леаудың журналистерге хабарлауынша, полиция осы оқиғаны жанкешті шабуылы ретінде тексеріп жатыр, себебі істе қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа күдікті жоқ.
Бразилия билігі күдіктінің аты-жөнін жарияламады.
Жарылыстардан кейін Жоғарғы сот пен Конгресс ғимаратындағы адамдар эвакуацияланды.
Бұл шабуыл Үлкен жиырмалық (G20) ұйымына мүше елдер басшыларының Рио-де-Жанейродағы саммитіне бес күн қалғанда болып отыр. Ал 20 қарашада Қытай басшысы Си Цзиньпин Бразилияға мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Луис Инасиу Лула да Силвамен кездеседі.
Телеарна мәліметінше, Бразилияда сот билігіне наразылық күшейіп келеді, себебі ол саяси экстремизм, жалған ақпарат және демократиялық тәртіпке қауіп төндіруге қатысты істер бойынша құзыретін арттырған. Билікті сынаушылар сот билігін күшейту консерваторлар үнін өшіруді көздейді деп есептейді.
Автор: Талғат Дүйсенбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2187204-braziliia-zhogary-soty-mangynda-birneshe-zharylys-bolyp-bir-adam-qaza-tapty/