Еуропалық дипломатия басшысы көптің алдында Трампты сынға алды
Жарияланған күні:
Еуроодақ дипломатиялық қызметтің басшысы Жозеп Боррель Дональд Трампты Испания диктаторы Франсиско Франкомен салыстырып, ел алдында сынады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Боррел Еуроодақ пен Америка Құрама Штаттарының қарым-қатынасы туралы Еуропарламентте өткен тыңдауда сөз сөйледі.
"Америка Құрама Штаттары (Трамп кезінде - ред. ескертпесі) Обама басқарған кезеңдегі АҚШ емес. Сол секілді, Франконың Испаниясы да Гонсалес кезіндегі Испаниядан өзгеше болды", - деді Боррель.
Оның айтуынша, Трамп пен Франконың басты айырмашылығы – Трампты АҚШ азаматтары сайлады.
Басылым атап өткендей, Франсиско Франко – испан саясаткері, регент және каудильо (қолбасшы). 1939-1975 жылдары ел басқарды. Қарулы күштердің генералиссимусы елде азаматтық соғысқа әкелген 1936 жылғы төңкерістің бастамашыларының қатарында болды.
Бұған дейін Боррель Трамптың билікке келуіне байланысты Еуропалық Одақты милитаризациялауға шақырған болатын. Ол Еуропалық Одақтың қауіпсіздік мәселелерінде НАТО-ны алмастыруды емес, қару-жарақ өндірісі бойынша блокты толықтыруды мақсат еткенін атап өтті.
Авторы: Динар Мұрат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2187279-europalyq-diplomatiia-basshysy-kopting-aldynda-trampty-synga-aldy/