Зектілері

Токио билігі туу көрсеткішін жақсарту үшін төрт күндік жұмыс тәртібін енгізеді

Жарияланған күні:

Токиода жұмысқа кетіп бара жатқан адамдар
Токио. Көрнекі сурет: Shoko Takayasu/Getty Images

Жапония астанасының билігі қатты төмендеп кеткен туу көрсеткішін көтеру мақсатында мемлекет қызметкерлерінің бәріне төрт күндік жұмыс аптасын енгізеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Токио әкімшілігінің мәлімдеуінше, сәуірде күшіне енетін жаңа жарлық қызметкерлерге аптасына үш күн демалуға мүмкіндік береді. Қала билігі бастауыш сыныптарда оқитын баласы бар ата-аналарға жұмыстан ертерек босауға рұқсат беретін тағы бір саясатын жариялады.

"Біз жұмыс істеу тәртібін қайта қараймыз. Енді ешкім бала туу немесе бала күтімі секілді үйдегі мәселелерге байланысты жұмыстағы мансабынан бас тартпайтын болады", - деп мәлімдеді Токио губернаторы Юрико Коикэ.

Ол астанадағы ата-аналарға қатысты саясатын сәрсенбі күні жариялады.

Жапонияда туу көрсеткіші көптеген жылдар бойы төмендеп, биыл маусымда тағы бір антирекордқа жетті. Үкімет жастарға отбасын құруға жағдай жасап жатқанына қарамастан, туу көрсеткіші жақсарар емес.

Былтыр осы елде бар болғаны 727 277 бала дүниеге келген. Жапонияда әйелдердің орташа бала санына қатысты көрсеткіші 1,2 ғана болған. Халық санын тұрақты түрде ұстап тұру үшін мұндай көрсеткіш кем дегенде 2,1 болуы керек.

Жапония үкіметі демографиялық дағдарысты еңсеру мақсатында түрлі бағдарламалар енгізіп жатыр. Мәселен, осы елде ер азаматтар бала күту үшін ақылы демалысқа шыға алады.

Әлеуметтанушылардың көбі туу деңгейінің төмендеуін Жапониядағы еңбек мәдениеті мен өмір сүру құнының қымбаттауымен түсіндіреді.

Төрт күндік жұмыс тәртібіне көшуге Батыс елдері де назар аудара бастады. Компаниялардың кейбірі дарынды мамандар тарту мақсатында осындай ұсыныстар жасай бастады.

Токио Азияда ұтымды отбасы саясатын ұстанатын жалғыз мекен емес. Осының алдында Сингапур компаниялардың бәрінен қызметкерлерге ыңғайлы жұмыс тәртібін белгілеуді талап ететін саясатқа көшкен.

Биыл жазда Оңтүстік Корея билігі халық санының күрт төмендейіне байланысты ұлттық ауқымда төтенше жағдай жариялаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2197157-tokio-biligi-tuu-korsetkishin-zhaqsartu-ushin-tort-kundik-zhumys-tartibin-engizedi/