Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі ұсталды
Жарияланған күні:

Жексенбі күні Оңтүстік Корея прокуратурасы елдің бұрынғы қорғаныс министрін ұстады. Ол президент Юн Сок Ельге елде әскери режим енгізуге кеңес бергенін мойындаған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Осылайша, елде әскери режим енгізілуіне қатысты іс бойынша алғашқы күдікті қамауға алынып отыр.
Содан бір күн бұрын, сенбіде, президент Юн оппозиция импичмент жариялау әрекетінен сытылып шыққан. Өйткені билік басындағы партияның парламенттегі өкілдері импичмент мәселесін дауысқа салуға бойкот жариялаған, ал президент құзыретін тоқтату үшін депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет болған. Алайда оппозициядағы Демократиялық партия президент Юнға қарсы импичмент жариялау туралы жаңа арыз түсіретінін мәлімдеді.
Жексенбі күні бұрынғы қорғаныс министр Ким Ен Хен Сеулде тергеу изоляторына қамалды. Істі прокуратура тергеп жатыр.
Шенеунік осы іске қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады. Бірақ жергілікті БАҚ Кимнің Сеул прокуратурасына өзі келіп берілгенін, оның ұялы телефонын тәркілеп, қамауға алғанын жазған. Полиция жексенбі күні Кимнің бұрынғы кеңсесі мен резиденциясын тінтіді.
Оңтүстік Кореяның бас прокуроры Пак Се Хен жексенбі күні мәлімдеме жасап, билік әскери режим енгізуге қатысты іс бойынша 62 адамнан тұратын арнайы тергеу тобын құрғанын айтты.
Президент Юн қорғаныс министрі Кимнің қызметтен кету туралы арызын қабылдаған, өйткені оппозициялық партия қарсы импичмент жариялау жөнінде жеке арыз түсірген.
Ким президенттің әскери режимін жүзеге асыруға талпынған шенеуніктердің бірі. Себебі қорғаныс министрлігінің әскері Ұлттық ассамблея ғимаратын қоршап алып, сол маңда армия тікұшақтары ұшып жүрді. Парламент Юнның әскери режим туралы жарлығының күшін жойғаннан кейін ғана әскер кері шегінді.
Сенбі күні президент Юн әскери режим енгізу туралы жарлығы үшін кешірім сұрап, осы әрекетінің жауапкершілігінен қашпайтынын мәлімдеген.
Естеріңізге сала кетейік, 3 желтоқсанда түнде президент Юн Оңтүстік Кореяда әскери режим орнағанын жариялап, оппозицияны айыптаған. Алайда мемлекет басшысының төтенше жағдайы бірнеше сағатқа ғана қосылып, сәрсенбі күні таңертең парламент жарлықтың күшін жойды. Ал оппозиция президент Юнге қарсы импичмент жариялауға кірісті. Бұл уақытта Оңтүстік Корея прокуратурасы әскери режимге қатысты іс ашылғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2197889-ongtustik-koreianyng-buryngy-qorganys-ministri-ustaldy/