Израиль Сирияға 480 соққы жасап, тағы біраз аумақты басып алды (фото)
Жарияланған күні:

Израиль кейінгі екі күнде Сирияға шамамен 480 соққы жасап, осы елдің теңіз флотын "бір түнде жойғанын" мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сирияда Башар Асад жүйесі құлағаннан кейін көршілес жатқан Израиль осы елдің бүкіл аумағындағы әскери нысандарды атқылап, 50 жылда алғаш рет құрлық әскерін буферлік аймақ пен одан басқа да жерлерге орналастырды.
Сейсенбіде Израиль әскерилері екі күннің ішінде шамамен 480 соққымен Сирияның стратегиялық қару арсеналының басым бөлігін жойғанын мәлімдеді. Бұл туралы осы елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Сирия флоты бір түнде жойылғанын айтып, теңіздегі операцияны "зор жетістік" деп бағалады.
Бір күн бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Сирияда Башар Асад жүйесінің күйреуін Таяу Шығыс тарихындағы жаңа тарауға балады.
"Сириялық жүйенің күйреуі – біздің ХАМАС, Хезболла және Иранды соққылауымыздың тікелей нәтижесі. Әлі толық жойыла қойған жоқ, бірақ біз Таяу Шығыс келбетін өзгертіп жатырмыз", - деп мәлімдеген Нетаньяху.
Израиль шенеуніктері Иранның сенімді одақтасы болған, елінің аумағын Ливандағы Хезболлаға қару-жарақ жеткізуге пайдалануға берген Асад жүйесінің құлауына қуанып жатыр. Дегенмен олар Сирияда билікке келген радикал топтардан секем алып отыр. Сирия мен Израиль арасын Голан жотасы бөліп тұр.
Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саардың мәлімдеуінше, Израиль Сирияның химиялық қару мен қашыққа ұшатын зымырандар қорын бомбалады, себебі оның "экстремистер қолына өтуінен" қауіптенеді.
"Болашақта бізді не күтіп тұрғанын болжай алатын пайғамбар емеспін. Қазір Израиль қауіпсіздігі үшін әрекет еткеніміз жөн", - деген министр.

Бұл уақытта араб елдері Израильді Сириядағы тұрақсыздықты жаңа жерлерді басып алу үшін пайдаланды деп айыптады. БҰҰ-ның Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Тель-Авивтен билігі жаңа ғана ауысқан көрші ел аумағын атқылауды доғаруды талап еткен. Алайда Израиль "Сирияның ішкі ісіне араласпадық" деуден танбай отыр.
Voice of the Capital мәліметінше, Израиль күштері Бекаасем ауылына дейін жеткен. Ол Сирия астанасынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. CNN осы мәліметті тәуелсіз дереккөздер арқылы растай алмады, бірақ осы ауыл Хермон тауының етегінде орналасқан. Израиль күштері осы жотаны жексенбі күні басып алған. Хермон тауы – Сирия, Ливан және Голан жоталары арасында орналасқан стратегиялық маңызды нүкте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2198814-izrail-siriiaga-480-soqqy-zhasap-tagy-biraz-aumaqty-basyp-aldy-foto/