Зектілері

Оңтүстік Корея парламенті елдің бірінші ханымын тергеу жөнінде заң қабылдады

Жарияланған күні:

Юн Сок Ёль мен Ким Гон Хи
Юн Сок Ёль мен Ким Гон Хи. Фото: Samir Hussein/WireImage

Оңтүстік Корея парламенті бейсенбідегі отырыста елдің бірінші ханымы Ким Гон Хиге қатысты тергеу жүргізуге рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жергілікті Yonhap ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Басылым ақпаратынша, оппозиция дәл осы заң жобасын 7 желтоқсанда өткізуге тырысқан, бірақ сол жолы құжат қабылдауға қажетті дауыс жинай алмаған.

Мәліметтерге қарағанда, оппозиция елдің бірінші ханымын құнды қағаздар нарығында алаяқтық жасады деп айыптап отыр.

Сонымен бірге Ұлттық ассамблея бейсенбідегі отырысында президент Юн Сок Ёльдің әскери режим жариялауына қатысты істі тергейтін арнайы прокурор туралы заң жобасын да мақұлдады. Себебі оппозиция президент Юнның кезінде бас прокурор болғанын ескеріп, іс әділ қаралмай ма деп қауіптеніп отыр.

Бейсенбі күні президент Юн кезекті телеүндеу жасап, қызметтен кетпейтінін, аяғына дейін күресетінін, бүлік туралы айыптарды жоққа шығаратынын мәлімдеген.

Айта кетсек, Юн Сок Ёль мен Ким Гон Хи 2012 жылы үйленген.

52 жастағы Кимнің үстінен 2019 жылы салық төлеуден жалтарды деген айып негізінде қылмыстық іс қозғалған. Алайда 2023 жылы сот Кимнің банк есептерін алаяқтарға сеніп тапсырғанын ескеріп, әділет министрлігі елдің бірінші ханымына тағылған айыптардың бәрін алып тастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2199492-ongtustik-koreia-parlamenti-elding-birinshi-hanymyn-tergeu-zhoninde-zang-qabyldady/