Honda мен Nissan бірігу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр
Жарияланған күні:
Honda мен Nissan бірігу мүмкіндігін қарастыратын келіссөз жүргізіп жатыр. Автоөндірістегі екі жапон титанының кейінгі уақытта жағдайы мәз емес. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Компаниялар келіссөздер жүргізіп жатқанын ғана мәлімдеді, бірақ оның шарттары мен мерзімі туралы қосымша ақпарат жарияламады. Екеуі біріккен уақытта бірлескен кәсіпорын қандай болатыны да әзірге белгісіз. Ірі компаниялардың бірігуі мүмкін екені туралы жаңалықты алғаш рет сейсенбі күні Nikkei хабарлады.
"Наурызда мәлім болғандай, Honda мен Nissan болашақта әріптес болу, бір-бірінің мықты жақтарын пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатыр", - деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Honda мен Nissan алдын ала келіссөздерге Mitsubishi де қатысып жатқанын CNN телеарнасына растады. Бірақ Mitsubishi әзірге бұл мәселеге қатысты мәлімет беруден бас тартып отыр.
Наурыз айында Honda мен Nissan электромобиль саласында, ал тамызда аккумулятор технологиясы саласында әріптес болатынын жариялаған. Екеуі де өзара байланысын тереңдете түсуден ұтады, себебі компаниялар биыл түрлі қиындыққа тап болған.
Олар ғана емес, Қытайдан тыс автоөндірістердің көбі әлемдегі ең ірі Қытай нарығында қиындыққа кезіккен. Себебі Қытайдағы тұтынушылардың дені отандық брендтерге назар аудара бастаған. Қытай үкіметі де клиент тарту үшін барлық жағдай жасап отыр.
Екі компания да электромобиль ұсынып отырғанына қарамастан (атап айтқанда, Nissan компаниясын электромобиль технологиясы саласында пионер), Қытайдың BYD секілді брендтері олардың технологиясын басып озған – қытай брендтері арзан тұрады.
Бұрынғы бас директоры Карлос Гонның Жапониядан Ливанға қашуы да Nissan компаниясына көп қиындық ала келді. Гон 2018 жылы қаржы қылмыстарын жасады деген күдікпен Токиода ұсталған, содан кейін компания оны жұмыстан шығарған. Гон өзіне тағылған айыптарды талай мәрте жоққа шығарған.
Карлос Гонның қызметтен алынуы Nissan, Renault және Mitsubishi альянсына соққы боп тиді. Renault Nissan компаниясындағы үлесін бірден азайтқан.
Nissan биыл наурыз-қыркүйек айларында табысы былтырғы көрсеткішке қарағанда 90 пайыз кемігенін хабарлаған.
Одан бес есе ірі Honda компаниясы да түрлі қиындыққа ұшырады. Компания 2040 жылға қарай нарыққа тек қана экологиялық таза көліктерді шығару жоспарын жариялаған. Алайда мұндай жоспар өте баяу іске асып отыр. Себебі бензин арзан, электр қуаттау станциялары аз, оның үстіне бәсеке жоғарылап, АҚШ пен Еуропада компания ұсынған электромобильге сұраныс азайған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2201916-honda-men-nissan-birigu-zhoninde-kelissoz-zhurgizip-zhatyr/