Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БАҚ: КХДР Ресейге қосымша әскер мен техника жібергелі жатыр

Жарияланған күні:

Солтүстік Корея жауынгерлері Қызыл алаңдағы шеруде
Солтүстік Корея жауынгерлері Қызыл алаңдағы шеруде. Сурет: ALEXANDER NEMENOV/AFP via Getty Images

Солтүстік Корея Ресейге қосымша жауынгерлер мен әскери техника жіберуге дайындалып жатыр. Ресей жағында соғысып жүрген солтүстіккореялықтарға жалған әскери билет таратылған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Украина АҚШ бұғаттаған ресейлік активтерден 1 млрд доллар алды

BBC Орыс қызметінің хабарлауынша, КХДР Ресейге тағы да жауынгер жібергелі жатқаны туралы мәліметті алғаш рет Оңтүстік Кореяның әскери шенділеріне сүйене отырып жергілікті Yonhap агенттігі таратқан.

"Барлау қызметінің көптеген мәліметі Солтүстік Кореяның Ресейге әскер жіберуге дайындалып жатқанын көрсетті", - деп мәлімдеген Оңтүстік Корея штаб қолбасшыларының бірлескен комитеті.

Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі КХДР Ресейдің Украинаға қарсы соғысында шамамен 1100 жауынгерінен айрылғанын хабарлаған. Сеул мәліметінше, Ресей жағында соғысқан 100 шақты жауынгер мерт болып, мыңға жуығы жараланған.

"Бұған қоса, Солтүстік Корея камикадзе дрондары өндірісіне, оны шетелге шығаруға ден қойды", - деп мәлімдеген комитет өкілдері. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қараша айында әскери дрондар зауытына барып, әскери техниканы көптеп өндіруді тапсырған.

Бұл уақытта, CNN телеарнасы Ресей жағында соғысып жүрген солтүстіккореялық жауынгерлерге жалған әскери билет таратылғанын жазды.

Украина қарулы күштерінің жексенбіде жариялаған мәліметінше, Ресейдің Батысындағы Курск облысында Солтүстік Кореяның үш жауынгері өлтірілген. Олардың қалтасында жалған әскери билет болған. "Құжатта" жауынгерлер "Тыва Республикасынан" екені жазылған, бірақ билетке корей тілінде қол қойылған.

АҚШ, Украина және Оңтүстік Корея барлау қызметтерінің мәліметінше, Солтүстік Кореяның 11 мыңнан 12 мыңға дейінгі аралықтағы жауынгері Ресей жағында соғысып жүр. Олардың бірқатары Курск түбіндегі шайқаста мерт болған.

Америкалық лауазымы жоғары бір шенеуніктің мәлімдеуінше, қазан айында Солтүстік Корея Курскіде "бірнеше жүз" сарбазынан айрылды – олар мерт болған немесе жараланған.

Мәскеу де, Пхеньян да солтүстіккореялық жауынгерлер Ресей жағында соғысып жүргенін ресми түрде мойындаған емес.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей солтүстіккорялық сарбаздардың ұрыс алаңындағы шығынын жасыруға тырысып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2203734-baq-khdr-reseige-qosymsha-asker-men-tehnika-zhibergeli-zhatyr/