Ақтаудағы ұшақ апаты: әзербайжандықтар Қазақстанда көрсетілген қамқорлық туралы айтты
Жарияланған күні:
Әуе апатынан зардап шеккен Әзербайжан тұрғындары Қазақстанда оларға қалай қамқорлық жасалғаны туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Report басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда ұшақ апатынан кейін Әзербайжанға жеткізілген Зағатала ауданының тұрғыны Нұрулла Сиражов өз оқиғасын бөлісті.
"Менің саусағым сынған, гипс салынды. Қазақстанда бізге жақсы күтім жасалды, ал қазір де ерекше назар аударылып жатыр. Бұдан артық не керек? Барлығы жоғары деңгейде", - деді ол.
Сиражов әйеліне алаңдайтынын, оның жағдайын білгісі келетінін айтты. Оның сөзінше, олар ұшақта қатар отырған, бірақ апаттан кейін бір-бірінен көз жазып қалған.
"Сағынатын жалғыз адам – әйелім", - деп мойындады Нұрулла Сиражов.
Самир Дарвишов есімді тағы бір зардап шеккен азамат қазақстандық дәрігерлердің кәсібилігі мен қамқорлығын атап өтті.
"Менің жағдайым тұрақты. Дәрігерлер бізге өте жақсы қарады. Барлық қажетті тексерулерден өттік. Қазақстанда көрсетілген көмегі үшін алғыс айтамын," - деді ол.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның ішінде 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған.
ІІМ қайғылы оқиға бойынша тергеуді бастады. Ақтау қаласының маңында АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстанға үкімет өкілдерін жіберді.
26 желтоқсанда Әзербайжанда ұшақ апатына байланысты аза тұту күні деп жарияланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысына көңіл айтты. Сондай-ақ борттағы жолаушылардың толық тізімі жарияланды.
Кейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапқаны белгілі болып, олардың тізімі жарияланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқан.
Сонымен қатар тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасына қандай өтемақы берілетінін мәлім етті.
Бұл ретте вице-министрі Қанат Бозымбаев тергеу аяқталмайынша, қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмайтынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2205846-aqtaudagy-ushaq-apaty-azerbaizhandyqtar-qazaqstanda-korsetilgen-qamqorlyq-turaly-aitty/