Әзербайжан прокурорлары әуе апаты себебін тексеру үшін Грозныйға барды
Жарияланған күні:
Әзербайжан бас прокуратурасының қызметкерлері ұшақ апаты себебін тексеру мақсатында Шешенстан астанасына барды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ осы елдің бас прокуратурасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Бас прокуратура қызметкерлері Грозныйда жүр. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасымен, жолаушы ұшағының Ақтау қаласы маңына құлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында апат себебін анықтау үшін шұғыл шаралар қолға алынды.
Осы мақсатпен Бас прокуратураның бір топ қызметкері Грозныйға барып, Ресей бас прокуратурасымен жасалған келісімге сай, тексеру және басқа да процессуалдық жұмыстар атқарады", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Құзырлы орган 25 желтоқсанда Әзербайжан бас прокуратурасының орынбасары Эльмар Жамалов бастаған топ Ақтауға барғанын, қазір оқиға орнында Қазақстандағы әріптестерімен бірге тиісті шаралар атқарып жүргенін ескертті.
Осының алдында ғана Әзербайжан Шешенстан билігінің апаттан зардап шеккендерге қаржылай көмегінен бас тартқаны мәлім болған.
Әзербайжан, Қазақстан және Ресей AZAL ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғаған.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әуе апатына қатысты әртүрлі болжам барын мәлімдеген.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңына құлаған ұшақтың құйрығындағы шұрық-тесіктерге қатысты пікірін айтқан.
Бір күн бұрын әлемнің бірқатар ақпарат құралдары, Әзербайжандағы дереккөздерге сүйене отырып, жолаушы ұшағының апатқа ұшырауына Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206022-azerbaizhan-prokurorlary-aue-apaty-sebebin-tekseru-ushin-groznyiga-bardy/