"Сыртқы ықпал": Әзербайжан билігі лайнердің апатқа ұшырау себебін атады
Жарияланған күні:
Әзербайжан көлік министрі Рашад Нәбиевтің мәлімдеуінше, ұшақ сынықтарымен танысып, куәгерлермен сөйлескен сарапшылар лайнер сыртқы ықпал салдарынан апатқа ұшырады деген тұжырым жасаған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әзербайжандық trend.az сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Комиссия өкілдері Ақтау қаласына барып, апат орнында болып, Әзербайжанның және басқа да елдердің апаттан зардап шеккен азаматтарымен кездесті. Ұшақ жолаушылары мен экипаждың аман қалған мүшелерінің айтуынша, Грозныйда жарылыс даусын естіген, тіпті экипаж мүшелерінің бірінің қолы жараланған.
Әлеуметтік желілерде және баспасөзде таралған кардрлардан әйелдердің қол-аяғы жараланғанын көруге болады. Оның үстіне, ұшақ қанаты тесіліп қалған. Ресейдің апаттан зардап шеккен азаматтары да Грозный аспанында үш мәрте жарылыс даусын естігенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, жарылыс дауысы сырттан естілген, содан кейін ұшаққа бірдеңе тиген", - дейді көлік министрі.
Оның айтуынша, лайнер апатқа ұшырағаннан кейінгі алғашқы сәтте баспасөз ұшаққа құстар соғысты деп жазып жатты.
"Бірақ ұшақ сынықтарымен танысып, куәгерлермен сөйлескен сарапшылар лайнер сыртқы ықпал салдарынан апатқа ұшырады деген тұжырым жасаған. Бірақ мұндай ықпалдың қай қару түріне жататынын тергеу анықтайды", - деп таратты әзербайжандық басылым жергілікті министр мәлімдемесін.
Бұған қоса шенеунік лайнердің Махачкалада қонуға рұқсат берген-бермегенін тергеу анықтайтынын атап өтті.
"Сонымен бірге тергеу ұшқыштың не себепті апатты жағдайға қону туралы шешім қабылдағанын анықтайды. GPS өшірілді деген мәселеге де дәлел келтірілгеннен кейін ғана жауап беріледі.
Әзербайжан, өз құқығын пайдалана отырып, процесске халықаралық кеңесшілерді тартты. Біз олармен байланыс орнаттық", - деп мәлімдеді министр.
Осының алдында ғана AZAL әуе компаниясы "әуе апатының алдын ала тергеу нәтижесі ұшақтың физикалық және техникалық сыртқы ықпал салдарынан апатқа ұшырағанын көрсетті" деп хабарлаған.
Сондай-ақ лайнер бортсерігі оттегі баллонының жарылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған.
Бұған дейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206196-syrtqy-yqpal-azerbaizhan-biligi-lainerding-apatqa-ushyrau-sebebin-atady/