Путин мен Әлиев телефон арқылы сөйлесті: Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты қалай жеткізді
Жарияланған күні:
Читать на русскомИльхам Әлиев Владимир Путинмен әңгімелесу барысында Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ сыртқы соққыға тап болғанын айтқан. Бұл жөнінде Әзербайжан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әзербайжан президентінің ресми сайтында Ильхам Әлиев пен Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлескені туралы мәлімет жарияланды.
Онда Путин 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған қайғылы жайтқа байланысты кешірім сұрағаны айтылған. Ол сондай-ақ "ұшақ апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеген".
"Ильхам Әлиев жолаушылар ұшағы Ресей әуе кеңістігінде сыртқы физикалық және техникалық кедергілерге тап болғанын, бұл басқаруды толық жоғалтуға әкеп соқтырғанын атап өтті.
Әзербайжан президенті ұшақ Қазақстанның Ақтау қаласына бағытталып, ұшқыштардың батылдығы мен кәсібилігінің арқасында ғана апатты жағдайда қона алғанын айтты. .
Мемлекет басшысы әуе кемесінің фюзеляжындағы көптеген саңылаулар, ұшу кезінде кабинаға бөгде бөлшектердің түсуінен жолаушылар мен экипаждың алған жарақаттары, сондай-ақ тірі қалған бортсеріктердің және жолаушылардың айғақтары сыртқы физикалық және техникалық соққы айғақтарын растайтынын атап өтті" - делінген Әлиевтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ мемлекеттер басшылары қайғылы жағдайдың барлық жай-жапсарын мұқият және жан-жақты тергеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өткені мәлім болды.
"Ильхам Әлиев Әзербайжанның бастамасымен апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттеу үшін халықаралық сарапшылар тобы құрылғанын және бұл топ өз жұмысын бастап кеткенін айтты.
Сондай-ақ мемлекет басшылары қайғылы оқиғаны тергеу қоғамға жаңартылған ақпаратты ұдайы беру арқылы толыққанды ашық жүргізілетінін растады", - деп толықтырды Әлиевтің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрағанын жазған едік. Сондай-ақ Кремль таратқан ақпараттан Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206355-putin-men-aliev-telefon-arqyly-soilesti-azerbaizhan-prezidentining-baspasoz-qyzmeti-bul-aqpartty-qalai-zhetkizdi/