БАҚ: Грозный аспанында "ковер" режимі AZAL ұшағы атылғаннан кейін енгізілген
Жарияланған күні:
Шешенстан астанасы аспанында "ковер" режимі Azerbaijan Airlines ұшағы атылғаннан кейін енгізілген. Бұл туралы әзербайндық apa.az сайтының Мәскеудегі тілшісі ресейлік дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, қайғылы оқиға кезінде лайнерді бағыттаумен диспетчер Әли Ыдрысов айналысқан. Ол "Терек" (қазіргі "Ахмат") футбол клубының бұрынғы ойыншысы.
Мәліметтерге қарағанда, оны кеше кешке тергеген.
Ыдрысовтың айтуынша, ол ұшақты қондыру кезінде әуе қорғанысы жүйесі жұмыс істеп жатқанын білмеген, ал "Ковер" жоспары туралы мәліметті төтенше жағдайдан бес минуттан кейін алған.
Ыдрысов дрондар шабуылы мен әуе қорғанысы жүйесі туралы ештеңе білмегенін, соңғы сәтке дейін экипаждың құстармен соқтығысқаны туралы мәліметке иек артқанын айтқан.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Апаттан 38 адам мерт болып, 29 адам тірі қалды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Бұған қоса Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206778-baq-groznyi-aspanynda-kover-rezhimi-azal-ushagy-atylgannan-keiin-engizilgen/