Top.Mail.Ru

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

БҰҰ: 2024 жылы Иранда өлім жазасына кесілген 901 адамның жазасы орындалған

Жарияланған күні:

Ирандағы өлім жазасына қарсы наразылық акциясы
Ирандағы өлім жазасына қарсы наразылық акциясы. Фото: Zuhal Demirci/Anadolu Agency via Getty Images

БҰҰ мәліметінше, 2024 жылы Иранда өлім жазасына кесілген кем дегенде 901 адамның жазасы орындалған. Желтоқсан айының бір ғана аптасында қырық шақты адам өлтірілген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

"Иранда өлім жазасына кесілгендер саны жыл өткен сайын көбейіп бара жатқаны алаңдатады", - деп мәлімдеді БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк.

Иран билігі былтыр ең ауыр жазаны орындау жөнінен кейінгі тоғыз жылдағы рекордтық көрсеткішке жеткен. 2023 жылы бұл елде өлім жазасына кесілген 853 адамның жазасы орындалған.

БҰҰ мәліметінше, ең ауыр жаза көбіне есірткіге байланысты қылмыстар үшін тағайындалған, бірақ өлім жазасына кесілгендер арасында 2022 жылғы наразылыққа байланысты, билік саясатына қарсы шыққан адамдар да бар. Ең ауыр жазамен өлтірілгендер арасында әйелдер саны артқан.

Тюрк Тегераннан өлім жазасына мораторий енгізуді талап етті.

"Өлім жазасы әр адамның өмір сүру құқығына қайшы келеді. Өлім жазасы көбейген сайын бейкүнә адамдарды нақақсыз жазалау көрсеткіші де артады", - деп ескертті БҰҰ өкілі.

Hengaw күрд құқықтарын қорғау тобының баяндамасында былтыр Иранда өлім жазасына кесілгендердің жартысынан көбі елдегі этникалық аз ұлттардың өкілі екені, соның ішінде 183 күрд болғаны айтылған.

Amnesty International ұйымының дерегінше, 2023 жылы әлемде тіркелген өлім жазасының төрттен үші Иран үлесіне тиесілі болған.

Статистикаға Қытай мәліметі кірмеген. Amnesty өкілдерінің пікірінше, бұл елде жылда өлім жазасына кесілген мыңдаған адамның жазасы орындалып жатады, бірақ мәліметтер аса құпия сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2209139-buu-2024-zhyly-iranda-olim-zhazasyna-kesilgen-900-den-asa-adamnyng-zhazasy-oryndalgan/