Украинаның Жоғарғы Радасы Трампқа ресми үндеу жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Украина парламентінің басшылығы Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трампқа, Конгресске және америкалықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды УНИАН-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жарияланған құжатта Украина тарихындағы ең қиын кезеңдерде оны қолдауға қосқан АҚШ-тың үлесі шешуші мәнге ие екені атап өтілген. Рада Украина халқының атынан АҚШ-қа елдің тәуелсіздігін қолдап, әскери көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Украина Құрама Штаттардың жаһандық көшбасшылығын жан-жақты қалпына келтіруге деген ұлы Америка халқының ұмтылысын ерекше құрметтейді. Сонымен бірге біз АҚШ-тың халықаралық аренадағы көшбасшылығы бостандық пен демократия идеалдарын қорғаумен, халықаралық келісімдерді сақтаумен, одақтастар және достармен қарым-қатынастағы сенімділікпен тығыз байланысты екеніне сенімдіміз", - делінген мәлімдемеде.
Рада Украинаның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы АҚШ-тың мызғымас қолдауының арқасында қамтамасыз етіліп жатқанын, бұл бүгінде украин халқы мен армиясы, сондай-ақ Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін бұрынғыдан да маңыздырақ екенін атап өтті.
Үндеуде украиналықтардың бейбітшілікке ұмтылатыны әрі Трамптың жеке рөлі мен оның күш-жігері соғыс қимылдарын тез арада тоқтатуда, "Украина, Еуропа мен бүкіл әлем үшін" бейбітшілікке қол жеткізуде шешуші болатынына сенетіні атап өтілген:
"Жоғарғы Рада АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған келіссөздер үдерісін бастау туралы бастамаларын құптайды. Жоғарғы Рада АҚШ-пен стратегиялық әріптестікті, атап айтқанда, маңызды пайдалы қазбаларды барлау саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтеді.
Жоғарғы Рада Украинаның тәуелсіз және егемен мемлекет болып қалуы керектігін, ал украин халқы еркін әрі бағынышты емес күйінде қалуы керектігін растайды", - деп қосты Украина парламенті.
Еске салсақ, 28 ақпанда Зеленский, Трамп пен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Украина мен Ресей арасында бейбітшілік қарым-қатынас орнату мәселесі бойынша кездесу өткізіп, басқосу соңы дау-дамайға ұласқан болатын.
Бұған дейін келіссөздер алдында екі ел президенті БАҚ сұрақтарына жауап берген. Украина президенті Путинмен келісу мүмкін еместігін жеткізген. Трамп болса, әлем "үшінші дүниежүзілік соғыс алдында тұрғанын" мәлімдеген.
Сөзталастан кейін Трамп Зеленскиймен баспасөз конференциясын болдырмай тастады. Украина делегациясы Ақ үйден кетті.
Көп ұзамай Ақ үй бұл жайтқа қатысты мәлімдеме жасады. Ақ үй хабарламасында Американы ешкім ешқашан пайдалана алмайтыны сөз етілген.
Владимир Зеленский де Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен болған кикілжіңнен кейін алғашқы мәлімдемесін жасап, жазба жариялады.
Сол арада Ақ үй АҚШ Украинаға әскери көмекті қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2225235-ukrainanyng-zhogargy-radasy-trampqa-resmi-undeu-zhasady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде