Сербияда парламент отырысында дау шығып, жүкті депутат зардап шекті
Опубликовано:

Сербияда Ұлттық ассамблеяның отырысында оппозициялық партия депутаттары төбелес шығарып, пиротехникалық зат қолдану арқылы сессияны бұзуға әрекет жасап, тәртіпсіздік орын алды, деп хабарлайды ТАСС-қа сілтеме жасаған kazinform.kz.
Оқиға "Солшыл-жасыл майдан" депутаты Радомир Лазович мінберге кезексіз көтерілмек болған кезде басталды. Парламент қауіпсіздік қызметкерлерінің оны тоқтату әрекеті төбелеске ұласты. Оппозициялық депутаттар түтін бомбаларын жағып, Сербия президенті Александр Вучичті тақтан тайдыруға шақырған баннер ілінді.
Бұған жауап ретінде билеуші Серб Прогрессивті партиясының мүшелері елдің туын жайды.
Тәртіпсіздіктер кезінде үш депутат жарақат алды, оның ішінде Ясмина Каранац (Сербияның социал-демократиялық партиясы), сондай-ақ Ясмина Обрадович пен Соня Илич (екеуі де Серб прогрессивті партиясынан). Обрадович жарылғыш гранатадан жарақат алып, инсульт алды, оның жағдайы ауыр деп бағаланды. Сегіз айлық жүкті Илич ауруханаға түсіп, дәрігерлер сәбиінің өмірі үшін күресіп жатыр.
Бұл оқиға Сербияда 2024 жылдың қарашасынан бері жалғасып келе жатқан наразылықтар тұсында орын алды. Студенттер мен оппозициялық күштер 2024 жылы 1 қарашада Нови-Сад қаласында теміржол вокзалындағы шатырдың опырылуы салдарынан 15 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2225504-serbiiada-parlament-otyrysynda-dau-shygyp-zhukti-deputat-zardap-shekti/