Зектілері

Нью-Йорк маңында Гудзон өзеніне тікұшақ құлап, алты адам қаза тапты (видео)

Жарияланған күні:

Читать на русском
тікұшақ құлаған жер
Оқиға орны. Фото: Thomas Hengge/Anadolu via Getty Images

АҚШ-тың Джерси-Сити қаласында туристер мінген тікұшақ Гудзон өзеніне құлады. Оқыс оқиға салдарынан үш бала мен үш ересек адам қаза тапты, деп хабарлайды Fox News арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Полицияның мәліметінше, тікұшақ апаты туралы ақпарат бейсенбі, 10 сәуір сағат 15:17-де (Астана уақыты бойынша 11 сәуірде 01:17) түскен.

Нью-Йорк өрт сөндіру қызметі мен Нью-Йорк полиция департаментінің сүңгуірлері апат орнын дереу іздей бастады.

Ұшу алдындағы деректерге сәйкес, бортта алты адам, оның ішінде ұшқыш, екі ересек және үш бала болған.

Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс отбасының Испаниядан келгенін растады.

Олардың ешқайсысын құтқару мүмкін болмаған; апат салдарынан бәрі көз жұмды. Төрт адамның мәйіті судан шығарылды, тағы екі адам жергілікті ауруханада көз жұмды.

Федералдық авиация әкімшілігінің ұшуды бақылау бағдарламалық құралы мен мәлімдемесіне сәйкес, New York Helicopters туристік компаниясының рейсін орындаған Bell 206 тікұшағы Манхэттен қаласының орталығындағы тікұшақ алаңынан 14:59-да ұшып шыққан. Тікұшақ оңтүстікке бет алған, содан кейін Гудзон өзенінің үстімен ұшып, Манхэттен жағалауы бойымен солтүстікке бұрылған.

15:08-де тікұшақ Джордж Вашингтон көпіріне жеткен, содан кейін қайтадан бұрылып, Нью-Джерси жағалауы бойымен оңтүстікке бет алған. Көп ұзамай тікұшақ жағалаудан небәрі бірнеше метр жерде суға құлаған.

Федералдық авиация әкімшілігі мен Ұлттық көліктегі қауіпсіздік кеңесі апатқа қатысты тергеуді бастағанын хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол Truth Social желісіндегі парақшасында көңіл айтты.

"Гудзон өзеніндегі тікұшақ апаты - жантүршігерлік. Алты адам, оның ішінде ұшқыш, екі ересек адам мен үш бала қазір арамызда жоқ. Апат болған сәтте түсірілген кадрлар қорқынышты. Құдай қаза болғандардың туыстары мен жақындарын жарылқасын. Көлік министрі Шон Даффи мен оның талантты қызметкерлері осы іспен айналысып жатыр. Нақты не жағдай және қалай болғаны туралы жақын арада мәлімдеме жасалады" – деп жазды Трамп.

Телеарнаның хабарлауынша, Ұлттық көліктегі қауіпсіздік кеңесінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы екі жылда АҚШ-та 211 тікұшақ апаты болып, 37-сі адам шығынына әкелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2234903-niu-iork-mangynda-gudzon-ozenine-tikushaq-qulap-alty-adam-qaza-tapty-video/