Ирактағы құмды дауыл: төрт мыңға жуық адам зардап шекті (видео)
Жарияланған күні:

Климаттың өзгеруінен аймақтағы құм дауылының қарқыны артып келеді. Жойқын дауыл Ирактың орталық және оңтүстігіне соғып, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіріп, көлік қатынасын бұзды, деп хабарлайды Kazinform.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 3700-ден астам адам тыныс алу жолдарының асқынуынан медициналық көмекке жүгінген, оның 1800-ден астамы ауруханаға жатқызылды. Мутанна провинциясында құмға тұншыққан 700-ге жуық адам тіркелді.
Көршілес Наджаф провинциясында 250-ден астам адам ауруханаға жеткізілсе, Ди-кар мен Басрада зардап шеккендер саны 500-ден асты.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, құм қалаларды басып, көру мүмкіндігін бір шақырымға дейін азайтты. Бірқатар ауданда электр қуаты үзілді. Наджаф пен Басрадағы әуежайлар жұмысын уақытша тоқтатты.
Көшелерде төтенше жағдай қызметкерлері мен азаматтар шаңнан қорғану үшін бетперде киюге мәжбүр. Сарапшылар климаттың өзгеруіне байланысты елде дауыл жиілігі артып келе жатқанын айтады.
Алдыңғы 2022 жылғы ірі дауыл бір адамның өліміне әкеп, 5000-нан астам адам ауруханаға жатқызылды. Елдің қоршаған ортаны қорғау министрлігі Иракта ауаның құммен ластануы әлі бірнеше күнге созылатынын ескертті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2236005-iraktagy-qumdy-dauyl-4000-myngga-zhuyq-adam-zardap-shekti-video/