Үндістан Пәкістанға оқ жаудырды: Исламабад мұны соғыс актісі деп атап, жауап ретінде шабуыл жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Өткен түні Үндістан "Синдур" әскери операциясын өткізіп, Пәкістандағы 9 нысанға шабуыл жасады. Үндістанның Қорғаныс министрлігі бейбіт тұрғындар қаза тапқаны және Пәкістан оған жауап ретінде соққы жасағаны туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 6 мамырдан 7 мамырға қараған түні Үндістан "Синдур" операциясы аясында Пәкістандағы "террористік инфрақұрылымға және Үндістанға қарсы лаңкестік шабуыл жоспарланған – Пәкістан басып алған Джамму мен Кашмирді нысанаға алып" соққы жасаған.
Мәлімдемеде барлығы тоғыз нысанаға шабуыл жасалғаны айтылады.
"Біздің іс-қимылымыз мақсатты түрде, сараланған және шиеленіссіз болды. Пәкістанның бірде-бір әскери нысанына шабуыл жасалған жоқ. Үндістан нысаналар мен орындау әдістерін таңдауда айтарлықтай ұстамдылық танытты.
Бұл қадам Пахалгамдағы 25 үндістандық пен бір Непал азаматының өліміне әкелген теракттен кейін жасалды. Біз бұл шабуылға кінәлілердің жауапқа тартылуын қамтамасыз етуге міндеттенеміз", - деді Үндістан қорғаныс министрлігі өкілдері.
Сонымен қатар әскери операция туралы брифинг жоспарлағаны туралы аңдатпа жарияланды.
Айта кетейік, оқиға болар алдында Үндістан армиясының Х желісіндегі аккаунтында "Оқ атуға дайын, жеңіске жету үшін үйретілген" деген жазба пайда болған.
Үндістан әскери күштерінің Х желісіндегі аккаунтында операция басталған уақытта "Әділет жеңді. Джай Хинд! (Жасасын Үндістан - редактордың ескертпесі)" деген жазба жарияланған.
РБК-ның ISPR (Пәкістан Қарулы Күштерінің БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі) бас директоры Ахмед Шариф Чаудридің сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Үндістан тарапынан болған зымыран соққысы нәтижесінде Пәкістанның Котли қаласында екі бейбіт тұрғын қаза тапты.
Шығыс Ахмадпур қаласында кем дегенде 12 адам жарақат алған. Чаудридің мәлімдеуінше, Үндістан екі мешітке шабуыл жасаған. Кейін Пәкістан қорғаныс министрлігі 8 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады.
Пәкістан билігі ел армиясы Үндістанның үш жойғыш ұшағын атып түсіргенін хабарлады.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанның шабуылын соғыс актісі деп атады.
"Пәкістан Үндістан таңып отырған бұл соғыс актісіне батыл жауап беруге толық құқығы бар және қазір шешуші жауап беріліп қойды", - деп келтіреді басылым Шарифтің X әлеуметтік желісіндегі жазбасының аудармасын.
Пәкістан да әуе кеңістігін 48 сағатқа жауып, Кашмирдегі Үндістанмен шекаралас аймақтарға жауап қайтарды. Елдің қарулы күштері үндістандық әскер бригадасының штаб-пәтеріне соққы жасағанын хабарлады.
Пәкістан армиясы жауап соққысы кезінде үнділік әскери бригада орналасқан жерді жойды, деп хабарлады жергілікті телеарнаның дереккөзі. Оның айтуынша, соққылар "жау позицияларында" көптеген нысаналарға жасалған.
Үндістан билігі Пәкістанның шабуылынан екі әйелдің жараланғанын хабарлады.
Шариф Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отырысын шақырды. Елдің ақпарат министрі Аттаулла Тарардың айтуынша, кездесу 8 мамыр таңертеңге жоспарланған. Пәкістан Сыртқы істер министрлігі Үндістанның "ессіз әрекеті" ядролық қаруы бар мемлекеттерді ірі қақтығысқа бір табан жақындатты деп мәлімдеді.
Пенджаб провинциясында төтенше жағдай жарияланды. Пәкістанның әуе кеңістігі 48 сағатқа жабылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін 30 сәуірде Пәкістанның ақпарат министрі әлеуметтік желіде Үндістанның алдағы 24-36 сағат ішінде шабуыл жасау ниеті бар екені туралы барлау қызметінен сенімді ақпарат түскенін мәлімдеген. Үндістан бұл мәлімдемеге әлі түсінік берген жоқ. Сонымен бірге БАҚ Пәкістанның Үндістанмен шекарада атысты тоқтату келісімін алтыншы рет бұзғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2242740-undistan-pakistanga-oq-zhaudyrdy-islamabad-muny-sogys-aktisi-dep-atap-zhauap-retinde-shabuyl-zhasady/