"Әлемдегі ең кедей президент" атанған Хосе Мухика қайтыс болды
Опубликовано:
Читать на русском
89 жасында Уругвайдың бұрынғы президенті Хосе Мухика дүниеден озды. Ол былтыр қатерлі ісікке шалдыққан еді, деп хабарлайды РБК ақпараттық агенттігіне сілтеме жасаған KAZ. NUR.KZ.
Мухиканың дүние салғанын Уругвайдың қазіргі президенті Яманду Орси хабарлады.
"Әріптесіміз Пепе Мухиканың өмірден өткенін терең күйзеліспен хабарлаймыз. Сізді сағынатын боламыз. Халқыңызға деген шексіз сүйіспеншілігіңіз үшін көп рақмет", - деп жазды ол.
Айта кетейік, былтыр Хосе Мухика өңеш қатерлі ісігіне шалдыққанын мәлімдеген еді. Кейін берген сұқбатында ісік бауырға жайылғанын, сондықтан аурумен күресуді доғаратынын айтқан болатын.
"Неге дейсіз бе? Себебі мен қарт адаммын. Екі созылмалы дертім бар. Биохимияны немесе хирургиялық жолмен емдеуді көтере алмаймын", - деп түсіндірген еді ол.
Хосе Мухика 1935 жылы 20 мамырда Уругвай астанасы Монтевидеода дүниеге келген. Ол "Тупамарос" солшыл радикал қозғалысының мүшесі болған және шамамен 14 жылын әскери түрмелерде өткізген.
2005-2008 жылдары Уругвайдың мал, ауыл және балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған.
2009 жылғы елдегі президент сайлауында солшыл Frente Amplio партиясынан үміткер болып, жеңіске жетті. 2010 жылғы наурызда президент қызметіне кірісті.
Ел басқарған жылдары бірқатар либералды реформалар қабылдаған. 2014 жылы Мухика Уругвайда марихуананы қолдануға рұқсат беретін заңға қол қойғаны үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылды.
2015 жылы президент қызметінен кетіп, сенат мүшесі (Ұлттық ассамблеяның жоғарғы палатасы) болып сайланды. Дегенмен 2018 жылы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш жазып, бұл қызметтен де кетті.
Басылым Мухиканы Уругвайда Эль Пепе (испан тілінде Хосені Пепе деп еркелетіп айтады) деп атайтынын жазады. Қарапайым өмір салтымен әлемге танылған оны ел арасында "Әлемдегі ең кедей президент" деп те атайды. Хосе Мухика президент болған тұста Монтевидео маңындағы ата-бабасынан қалған фермада тұрған. Ал бүкіл айлығын қайырымдылыққа жұмсаған.
Ол сенаттан кеткеннен кейін өзіне тиесілі зейнетақыдан да бас тартқан.
Сондай-ақ оған 2014 жылы 1987 жылы шығарылған Volkswagen Beetle көлігін 1 миллион долларға сату ұсынылған, бірақ Мухика бұдан да бас тартқан.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2244786-alemdegi-eng-kedei-prezident-atangan-hose-muhika-qaitys-boldy/