"Қоштасуға мүмкіндік бермеді": Қырғызстан МҰҚК-нің экс-басшысы қызметінен босатылатынын күтпегенін айтты
Жарияланған күні:
Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) төрағасы Камчыбек Ташиев қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kaktus.media басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылым журналист Нургазы Анаркуловтың Камчыбек Ташиевтен алған пікірін жариялады.
"Ауырып қалып, бұрын ота жасалған жерден тексеруден өтуге тура келгендіктен, президенттің рұқсатымен Германияға келген едім. Алайда кеше мені қызметімнен босатты. Бұл – мен мүлдем күтпеген жағдай болды.
Қалай болғанда да, біз президенттің шешімін орындауымыз керек. Мемлекетімізге, халқымызға, президентімізге адал қызмет еттім және соныммен мақтанамын. Тек жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік бермегені көңілге қаю түсіреді", - деді Камчыбек Ташиев.
Сондай-ақ ол МҰҚК қызметкерлеріне алғыс айтып, елдегі тыныштық пен тұрақтылық үшін ешбір адам қандай да бір заңсыз әрекетке бармау керектігін жеткізді.
Айта кетелік, кеше Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – МҰҚК төрағасы Камчыбек Ташиевті қызметінен босатқаны белгілі болды.
Ташиев Қырзғызстан МҰҚК төрағасы болып 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз