"Крокус Сити Холлдағы" теракт: 15 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Опубликовано:
Читать на русском
Мәскеудегі "Крокус Сити Холлдағы" терактіге қатысты іс бойынша 19 айыпталушының 15-і өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Істі Екінші Батыс аймақтық әскери соты қараған, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның мәліметінше, сотталғандардың арасында қылмысты жасаған төрт адам бар: Далерджон Мирзоев, Муродали Рачабализода, Мухаммадсобир Файзов және Шамсидин Фаридуни.
Олар жазасының бір бөлігін түрмеде, ал қалғанын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтейді. Әрқайсысына 990 мың рубль көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ Умеджон мен Мустаким Солиевтер, Шахромджон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, Мухаммед Шарипзода, Якубджони Юсуфзода, Назримад Лутфуллои, Джумахон Курбонов, Хусен Медов және Джабраил Аушев өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Сонымен қатар үйін теракт жасағандарға жалға берген Алишер Касимов 22 жыл 10 айға сотталған. Оның Мәскеу облысындағы пәтері тәркіленген.
Содырларға көлік сатқан Исроил, Диловар және Аминчон Исламовтар 19 жыл 11 айға бас бостандығынан айырылған.
Сот айыпталушылардан жәбірленушілердің пайдасына 200 миллион рубльден астам өтемақы төлеуді міндеттеген.
Қазіргі уақытта екі ұйымдастырушы мен шабуылға қатысы бар төрт лаңкес іздестіріліп жатыр.
"Крокус Сити Холлдағы" теракт
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 22 наурызда Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында орналасқан "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Сол күні бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді.
Кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Сондай-ақ 24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Кейінірек Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады.
РИА Новостидің мәліметінше, лаңкестік әрекет салдарынан 149 адам қаза тауып, 609 адам жарақат алған. Тағы бір адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2353094-krokus-siti-holldagy-terakt-15-adam-omir-boiyna-bas-bostandygynan-aiyryldy/