"Ешқандай келіссөздер жүріп жатқан жоқ": Иран Трамптың мәлімдемесіне қатысты жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Иран АҚШ президенті Дональд Трамптың Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер туралы мәлімдемесіне қатысты жауап берді.
РБК-ның жазуынша, Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан Иран мен АҚШ ешқандай келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ деп мәлімдеген.
"АҚШ президентінің мәлімдемелері энергия бағасын төмендету және әскери жоспарларын жүзеге асыру үшін уақыт ұтуға байланысты айтылып отыр", - деді ол.
Пезешкиан кейінгі күндері Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің үйлесімділігі мен өтуін қамтамасыз ету үшін тек Таяу Шығыс елдерімен, атап айтқанда Оманмен келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Бұл байланыстар құпия емес, Тегеран мен Вашингтон арасында ешқандай құпия келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ", - деді Пезешкиан.
Сонымен қатар Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) да ешқандай келіссөздер болмағанын және болмайтынын да мәлімдеген. Олар АҚШ-тың қазір қолданып жатқан "психологиялық соғыс" әдісі Ормуз бұғазының соғысқа дейінгі қалпына келуіне мүмкіндік бермейді және сол себепті энергетика нарықтарында тыныштық болмайды деген пікір білдірген.
ИРСК Трамптың мәлімдемесін "шегіну" деп санайды. Себебі АҚШ-тың Иранның маңызды инфрақұрылымдарына қарсы шабуылдарына байланысты Тегеран тарапынан айтылған қатаң ескертулер сенімді бола бастаған.
Сондай-ақ олар соғысқа байланысты Батыстағы қаржы нарықтарына жасалып жатқан қысымды тағы бір фактор деп атаған.
РИА Новости агенттігінің жазуынша, Иран Сыртқы істер министрлігі де Трамптың келіссөздер туралы мәлімдемесіне жауап берген. Олар Тегеран Вашингтонмен келіссөздер жүргізбегенін, бірақ бітімшілер арқылы қақтығысты диалог арқылы шешуге ниетті екенін білдіретін хабарламалар алғанын мәлімдеген.
"Кейінгі бірнеше күнде кейбір достас елдерден АҚШ-тың соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер жүргізу талаптарына қатысты хабарламалар келіп түсті, оларға елдің ұстанымына сәйкес жауап берілді", - деді Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаион IRNA агенттігіне берген жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазба жариялап, Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдарды реттеу үшін кейінгі екі күнде АҚШ пен Иран өте жақсы әрі нәтижелі келіссөздер жүргізгенін мәлімдеді.
Трамп жан-жақты және конструктивті келіссөздер алдағы аптада да жалғасатынын, осыған байланысты егер қазіргі талқылаулар сәтті аяқталса, Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымдарына соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырғанын айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2357586-eshqandai-kelissozder-zhurip-zhatqan-zhoq-iran-tramptyng-malimdemesine-qatysty-zhauap-berdi/