Трамп: Соғыс жоспарын, оның мерзімін белгілеп, одан ауытқымайтын қабілетім бар
Жарияланған күні:
Иран билігі алапат үлкен соғыста жеңілмейтінін айтып, АҚШ құрлық әскерін кіргізсе де, дайын екенін мәлімдеді. Трамп болса, ирандықтар оған мұнайды тегін беріп жатыр деп мақтанып отыр. АҚШ президентінің айтуынша, бейбіт келісім жақын арада жасалады, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Трамп өз турнесі аясында сөйлеген сөзінде Ормуз бұғазы арқылы АҚШ-қа мұнай келіп жатқанына сендірді. Айтуынша, мұнайды Иран оған сыйға тартыпты. Дегенмен америкалық басылымдар АҚШ президентінің сөздерін жоққа шығарып жатыр. Бұл, әлбетте, Трамптың ашуына тиді.
"The Wall Street Journal мен өзге алаяқтардың фейк жаңалықтарын оқып отырмын. Сондықтан шынайы ақпаратты жеткізгім келеді. Иран аяғыма жалынып, келісім жасайықшы деп өтініп жатыр. Мен оларға келісім туралы ләм-мим демедім. Олар осыдан 4 апта бұрын келісім жасауға тиіс еді. Негізі ирандықтар ақымақ емес. Соғыса алмаса да, келіссөздерді керемет жүргізеді. Бірақ мен соғыс жоспарын, оның мерзімін белгілеп, одан ауытқымайтын қабілетім бар", - деді Трамп.
Иран болса, келіссөз жүріп жатыр дегенді мүлде жоққа шығарды.
"Ормуз бұғазы әлі жабық. Біз өзімізге сенімдіміз", - дейді Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Иран елшісі Али Бахрейни.
Оның айтуынша, АҚШ құрлық әскерін кіргізсе де жеңіліске ұшырайды.
"Иранның бүкіл нарықты бақылауында ұстап отырғаны – үлкен жеңіс. Біз жағдай қалай өрбісе де дайынбыз. АҚШ Иран жеріне әскер кіргізсек, жеңеміз деп ойлауы мүмкін. Бірақ ақымақтық болар еді. Масқараның көкесі болады. Әлбетте, біз қазір басымдыққа ие бола отырып, АҚШ-қа келіссөз жүргізуді өтіну – ақымақтық", - дейді БҰҰ Женева кеңесіндегі Иран елшісі Али Бахрейни.
Автор: Еркелді Тілеуқұл
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2358837-tramp-sogys-zhosparyn-onyng-merzimin-belgilep-odan-auytqymaityn-qabiletim-bar/