Марк Цукерберг Ирландиядан қамал сатып алды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг Ирландиядан тарихи қамал сатып алды. Ол енді отбасымен Meta штаб-пәтеріне жақын жерде орналасқан осы резиденцияда уақыт өткізе алады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Bild-ке сілтеме жасап.
Марк Цукерберг пен жұбайы Присцилла Чан Уотерфорд графтығындағы Странкалли қамалының иелері атанды. Резиденция Блэкуотер өзенінің жағасында орналасқан. Ол Meta компаниясының Дублиндегі еуропалық штаб-пәтерінен шамамен 200 км қашықтықта жатыр.
Қамалдың ауданы шамамен 1500 шаршы метр. Үш қабатты ғимарат 178 гектар аумақта орман, бақтар және қайық айлағы бар жерде тұр. Қамал 1825-1835 жылдар аралығында салынған.
Facebook негізін қалаушы миллиардер мен жұбайы Присцилла Чан бұл жылжымайтын мүлікті қандай сомаға сатып алғаны белгісіз. Болжам бойынша, қамал 20-30 миллион еуро тұруы мүмкін. Алайда бұны ресми растайтын дәлел жоқ. Журналистердің мәліметінше, қамалды лондондық RAB Capital жеке инвестициялық компаниясының негізін қалаушылардың бірі Майкл Ален-Бакли сатқан.
Цукерберг отбасы Ирландиядан баспана іздеген. Цукербергтің баспасөз хатшысы Брайан Бейкер Марк пен оның отбасы бұл тарихи үйге қарап, Meta компаниясының халықаралық штаб-пәтері орналасқан Ирландияда уақыт өткізетініне қуанышты екенін мәлімдеді. Компанияның Дублин мен Коркта 1500-ге жуық қызметкері бар. Сондай-ақ Клониде деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді.
Наурызда Цукерберг АҚШ-тан да жаңа жылжымайтын мүлік сатып алды. Ол Майами (Флорида) маңындағы "Индиан-Крик-Айленд" жеке аралынан 170 млн долларға мега-усадьба сатып алды. Бұл аралды "миллиардерлер бункері" деп те атайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2416974-mark-tsukerberg-irlandiiadan-qamal-satyp-aldy/
