Эстония тарихында екінші рет әйел адам президент болып сайланды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Әділет канцлері Юлле Мадизе Эстония президенті болып сайланды. Ол 12 қазанда халқына ант бергеннен кейін қызметіне кіріседі. Бұл туралы ERR ақпарат көзіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Эстонияның Рийгикогуі (мемлекеттік жиналыс) әділет канцлері Юлле Мадизені президент етіп сайлады. Жасырын дауыс беру нәтижесінде ол 71 дауыс жинады.
Кандидаттың президент болып сайлануы үшін Рийгикогу құрамының үштен екісінің қолдауы қажет болды. Бұл кемінде 68 депутаттың дауысы.
51 жастағы Юлле Мадизе – мамандығы бойынша заңгер.
Ол бұған дейін Әділет министрлігінде, Рийгикогудың Конституциялық комиссиясында, Мемлекеттік бақылау басқармасында мемлекеттік бақылаушы және президенттің заң жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Мадизе 2015 жылдан бері әділет канцлері қызметін атқарып келеді. 2021 жылдың соңында ол бұл қызметке екінші мерзімге қайта сайланған болатын.
Мадизенің кандидатурасын Рийгикогудың 75 депутаты ұсынды. Тиісті құжаттарды Мемлекеттік сайлау комиссиясына Реформалар партиясы, Eesti 200, Isamaa, Социал-демократиялық партия өкілдері және фракцияға жатпайтын депутаттар тапсырды.
Юлле Мадизе 12 қазанда Рийгикогу алдында Эстония халқына ант береді. Осыдан кейін ол Эстония президенті қызметіне ресми түрде кіріседі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2422022-estoniia-tarihynda-ekinshi-ret-aiel-adam-prezident-bolyp-sailandy/
