"Оған риза емеспін": Трамп Зеленскийді тағы да сынға алды
Жарияланған күні:
Читать на русском
АҚШ президенті Дональд Трамп Newsmaх телеарнасына Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу туралы пікір білдіріп, Владимир Зеленскийді сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Телеарнаға берген сұқбатында Ақ үй басшысы Украина президентімен келіссөз жүргізу Ресей президенті Путинмен келіссөз жүргізуден қиынырақ екенін мойындады.
"Зеленский – біз үшін оңай тіл табысатын адам емес. Ол мәмілеге келгісі келмейді. Ол келіссөз жүргізгісі келетінін айтады, бірақ іс жүзінде олай емес. Жоқ, мен Зеленскийге риза емеспін", - деді Трамп.
Ол қақтығысты реттеп жатқанда Украинаның Ресей мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарын қайта бастау туралы шешімін сынады. Трамп бұл соққылар әлемдік энергетикалық ресурстар бағасының өсуіне алып келетінін түсіндірді.
"Егер сіз маған Зеленскийдің мұнай өңдеу зауыттарына қайтадан шабуыл жасап жатқанын айтсаңыз, онда оның көздегені – әлемдік мұнай бағасын көтеру ғана", - деді Ақ үй басшысы.
Ол шабуыл жасауға болатын басқа да көптеген нысан бар екенін айтып өтті.
"Бірақ бізге және бүкіл әлемге қажет дизель отынын өндіретін зауыттарға соққы бергенде, сіз әлемге жақсылық жасап жатқан жоқсыз", - деді АҚШ президенті.
"Соғыс оның президенттік мерзімі аяқталғанға дейін біте ме" деген сұраққа Трамп бейбіт келісім жасау мүмкіндігіне қатысты оптимистік көзқарас білдірді, бірақ Зеленскийдің келіссөзге дайындығына тағы да күмән келтірді.
"Соғыс жақын арада аяқталуы керек. Меніңше, екі тарап та оның аяқталғанын қалайды", - деді Трамп.
Ол сондай-ақ қақтығысушы тараптар көшбасшыларының жеке өшпенділігіне байланысты келісімге келуде қиындықтар бар екенін атап өтті.
"Өздеріңіз білетіндей, Путин Зеленскийді жек көреді, ал Зеленский Путинді жек көреді. Мұндай өшпенділік болған кезде, кез келген нәрсе туралы келісу өте қиын", - деді ол.
Трамп Украинада жаңа сайлау өткізу мүмкіндігін де жоққа шығармады және Зеленскийдің қазіргі уақытта халықтың қолдауына ие екеніне күмән келтірді.
"Меніңше, сіздерге сайлау керек, өйткені украиналықтар зымырандардың көпқабатты үйлеріне түсіп жатқанына риза екенін ешкім айтқан жоқ", - деді Ақ үй басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Владимир Зеленскийді сынға алып, Украинаға мәміле жасай алатын жаңа көшбасшы табу керек екенін айтқан.
Кейін БАҚ Украинаның жаңа президенті қызметіне үміткер төрт адамның есімін атады.
Зеленскийдің өзі Ресей 60 күнге атысты толық тоқтатуға келіссе, президент сайлауын өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Кремль Зеленскийдің Украинада сайлау өткізу үшін екі айлық бітімгершілік туралы ұсынысын қабылдамады.
Жақында Владимир Зеленский қызметінен кетуге ниеті жоқ екенін айтып, қазіргі уақытта сайлау өткізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Америкалық бизнесмен Илон Маск таяуда Зеленский Украина президенті қызметінен кетуі керек деп мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2443401-ogan-riza-emespin-tramp-zelenskiidi-tagy-da-synga-aldy/