Таиланд туристерден елден шығарда алынатын салықты енгізуді кейінге қалдырды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Таиландта әуе көлігімен елден кететін туристерге шығу салығын енгізу уақытша кейінге қалдырылды. Бұл туралы РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, Таиланд билігі туризмді қолдау мақсатында әуе жолаушыларына арналған шығу салығын уақытша тоқтата тұруды ұйғарған. Бұл туралы қаржы министрі әрі вице-премьер Экнити Ниттитанапрапат ресми түрде мәлімдеген.
"Біз мәселені кіріс департаментімен талқылап, бастаманы әзірге тоқтата тұруды ұйғардық. Өйткені туризмнің ары қарай дамығанын қалаймыз. Әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар Таиландқа қайта оралғысы келеді, сондықтан осы жағымды атмосфераны сақтап қалғымыз келеді", - деді ол.
Экнити төртінші тоқсанда туризм ағыны артатынын, бұл саяхатшылар үшін қосымша алым енгізетін қолайлы уақыт емес екенін айтты. Ал Таиландқа кіру үшін 2027 жылдың басында енгізілуі жоспарланған 450 бат көлеміндегі туристік алымға қатысты мәселемен Туризм және спорт министрлігі айналысып жатыр.
Ол түпкілікті шешім қабылданғанша, өзі басқаратын ведомство жан-жақты бағалау жүргізетініне сендірді. Өйткені шығу салығы мен туристік алымды бір уақытта енгізу саяхат индустриясына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Таиландта елден әуе жолымен шығатындарға арналған жаңа салық мәселесі қыркүйек-қазан айларында талқыланған еді. Ол елден кететін барлық азаматтарға – шетелдіктерге де, корольдік резиденттеріне де 1000 бат көлемінде белгіленеді деп жоспарланған болатын.
Бұған дейін біз Таиланд үкіметі 2027 жылдың басында барлық шетелдік үшін туристік алым енгізуді жоспарлап отырғанын жазған едік. Егер бұл талап нақты күшіне енсе, қазақстандық туристер 6 мың теңгеден сәл астам сома төлейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2446884-tailand-turisterden-elden-shygarda-alynatyn-salyqty-engizudi-keiinge-qaldyrdy/