Гонконгтағы алапат өртке сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русском
Гонконгтағы көптеген адамның өмірін қиған өртке сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін – тәуелсіз комиссия осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РБК-ға сілтеме жасап.
РБК дерегінше, жергілікті RTHK басылымы өрт мән-жайын тергеген тәуелсіз комиссияның темекі тұқылының сөндірілмеуі осы оқиғаға себеп болуы мүмкін деген қорытындыға келгенін хабарлады. Қайғылы оқиға 2025 жылдың қарашасында болған еді – сол кезде 160-тан астам адам қаза тапты.
Комиссия мәліметінше, Hong Chong корпусының 104 және 105 пәтерлерінің жанындағы алаңнан екі бүтін тұқыл және тағы біреуінің қалдығы табылды. Оған қоса, құрылысшылардың нысан аумағында өртке дейін бірнеше ай бойы темекі шеккенін растайтын айғақтар бар.
Өртке темекі себеп болғанының тікелей дәлелдері жоқ, алайда бұл нұсқаны жанама айғақтар жиынтығы растайды. Сондай-ақ мамандар оттың таралуына құрылыс пен материалдарды пайдалану кезіндегі бұзушылықтар түрткі болғанын анықтады.
Олардың арасында:
- отқа төзімді емес қорғаныш торларын қолдану;
- жұмыс жүргізудің қауіпсіз емес әдістері;
- біліктілігі жоқ қызметкерлердің өртке қарсы жабдықпен тиісті түрде жұмыс істемеуі бар.
Комиссия құрбандардың көп болуы оттың жылдам таралуымен, эвакуациялауды қиындатқан қою түтінмен, сондай-ақ ғимараттардың кіреберістерінде жанып жатқан бамбук бұтақтары мен басқа да қоқыстардың жиналуымен байланысты болды деген қорытындыға келді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға былтыр қарашада болған еді – реновация жоспары бойынша үйлердің айналасына тұрғызылған бамбук құрылыс ағаштары өртенді. От тез таралып, тұрғын үй кешенінің барлық сегіз ғимаратын шарпыды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконгтағы өртке байланысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айтып, жеделхат жолдады. Гонконгтағы алапат өрттен кейін күдіктілер қамауға алына бастады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2449823-160-tan-astam-adam-qaza-tapty-gonkongtagy-alapat-ortke-sondirilmegen-temeki-tuqyly-sebep-boluy-mumkin/