Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауғанстанда алғашқы неке түні пәктігін дәлелдей алмаған қалыңдықтың құлақ-мұрнын кесіп тастайды

Опубликовано:

Ауғанстанда алғашқы неке түні пәктігін дәлелдей алмаған қалыңдық өмір бойы азап кешіп өтеді. Олардың кейбірін түрмеге жапса, кейбіреуін тіпті өлтіріп тастайды.

Ауған халқының арасында ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша, шаңыраққа жаңа түскен жас келіннің абыройы таза болуы керек әрі ол мұны дәлелдеуі тиіс.

Өз аты-жөнін атамауды сұрап Азаттық радиосының Ауған қызметіне сұхбат берген жергілікті әйел жаңа түскен келіннің ата-енесі қыздың пәктігін тексеру үшін алғашқы неке түнінен соң жас жұбайлардың төсегін тексеретін дәстүр елдің кейбір аудандарында әлі сақталғанын айтып берді.

«Айыпкер» әйелді жазалау

Ауған қоғамында «зина жасады» деген айып тағылған әйелдердің тартатын азабы өте ауыр. «Абыройы төгіліп», ұятты болған күйеудің жұрты әулеттің атына дақ түсірген келіннің орнына құда жақтан оның сіңлісін талап ете алады. Ал пәктігін дәлелдей алмаған қалыңдық «зинақорлық жасаған» деп айыпталып, түрмеге қамалады. Түрмеде олар ауыр азапты бастан кешеді.

"Кейде келіннің құлақ-мұрнын кесіп тастайды. Шаштарын тықырлап алып, үстіне лас киім кигізіп, ата-анасының үйіне жібереді. Сосын оның әулетіне қыздарының пәк емес екендігі хабарланады. Кейде тіпті жас келінді өлтіріп, төркініне сүйегін жібереді", - дейді ауған әйелі.

Ауғанстанда бұл – талқылауға жатпайтын жабық тақырып. Бірақ, соңғы кезде ер адаммен некесіз төсек қатынасына барған әйелдерді аяусыз жазалау оқиғалары жиілеп кеткендіктен, бұл мәселе қоғамда талқыға салынды. Қарашаның соңында елдің орталығындағы Гор аймағында 26 жастағы әйелге жұрт алдында дүре соғылды. Үйіне қашып кеткені үшін жазықты болған болған келіншек алған жарақатынан айыға алмай қайтыс болған. Қазан айында дәл сол аймақта 19 жастағы Рохсана есімді қыз «зинақорлық жасағаны» үшін айыпты деп танылып, оны Талибан жасағы таспен ұрып өлтірген. Тамыз айында осы Гор аймағында «некесіз жыныстық қатынасқа барды» деп айыпталған ер мен әйелге жұрт алдында дүре соғылған.

«Әулеттің атына кір келтірген» әйелді жазалау шарасын көбінесе оның өз туыстары ұйымдастырады. Көп жағдайда олар қызды отбасынан аластайды немесе құқық қорғау органдарына тапсырады. Ал кей кездері тіпті «әулет абыройы» үшін қызды өз жақындары өлтіреді.

"Кейбір отбасыларда «абыройсыз» қызды өз үйіне қайтару дәстүрі сақталған. Қарабет болмас үшін әлгі отбасы құдаларына басқа бір қызын ұсынуға мәжбүр болады. Кей аймақтарда қызды өлтіріп тастайды. Ал енді бір жағдайларда ұзақ жыл некеде бірге тұрып жатса да күйеуі «абыройсыз босаға аттаған» әйелін ұрып-соға береді, - дейді Ауғанстанның адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссиясының комиссары Мариям Зурмати Азаттық радиосының Ауған қызметіне берген сұхбатында.

Емханада пәктігін тексерту

Мәрзия есімді әйел «босаға аттағанда қыз болмаған» деген күдіктің кесірінен күйеуінің тоқпағына жылдар бойы көніп келе жатқан сіңлісі туралы айтты.

"Неке түні сіңлімнің төсегі былғанбапты. Күйеуі оны [сол үшін] үнемі ұрады, [сіңлімнің] денесі көкала қойдай болып жүреді. Ұзақ жыл бірге тұрып келе жатса да күйеуі сіңлімді «сүйекке таңба болдың» деп азаптайды", - дейді Парван аймағында тұратын Мәрзия.

Ауғанстанда некелесудің алдында қалыңдықты арнайы дәрігерге қаратып, «пәктігін» тексерту де кездеседі. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары мұндай шараның халықаралық құқық нормаларын бұзатынын әрі оның әйелдің пәктігіне нақты айғақ бола алмайтынын айтады. Кабулдық дәрігер Терена Ядгаари «пәктік тестінің» медициналық негізі жоқ екенін мойындайды, бірақ соған қарамастан, ауған астанасындағы мемлекеттік емханаларда жыл сайын осы тақылеттес ондаған «тест» жасалады.

Конституция және шариғат

Ауғанстан қылмыстық кодексіне сәйкес, зинақорлық немесе өз үйінен қашып кету қылмыс болып саналмайды. Бірақ, діни консерваторлардың ықпалындағы соттар жыл сайын жүздеген әйелді «моральдық азғындық жасады» деп айыптап, бас бостандығынан айырып келеді. Ауғанстан конституциясында «ешқандай заң қасиетті Ислам дінінің наным-сенімдері мен қағидаттарына қайшы келмеуі керек» деп жазылған. Алайда, негізгі заңның қалған бөліктеріндегі зайырлы тұжырымдар бұл баптың өзіне кереғар келіп тұр.

Талибан жасағының ықпалы жүретін кейбір ауылдық жерлерде халық жемқорлыққа батқан үкімет мекемелеріне сенбейді, сондықтан олар дауларын шешу үшін Талибан сотына жүгінеді. Талибан соты шариғат заңдарын қатаң түсіндіреді. Олар некесіз қарым-қатынасқа барған ер мен әйелге өлім жазасы немесе жұрт алдында дүре соғу жазасы кесілуі тиіс деген қағиданы ұстанады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/975831-aughanstanda-alghashqy-neke-tuni-paktig/

pixel