Қалың мал 2 млн теңге: Шымкентпен құда болған солтүстік тұрғыны тойдан жаға ұстап қайтқан
Жарияланған күні:
Шаңырағына шымкенттік келін түсірген солтүстік тұрғыны тойдан алған әсерімен бөлісті. Ер адамның айтуынша, Шымкенттің тойы мен теріскейдегі Петропавлдың тойының айырмашылығы жер мен көктей екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жасы елуді еңсерген ер адам ұлының шымкенттік аруды жар етіп алғанын әңгімелеп берді.
"Екі ұлым бар, үлкені өзіміздің Петропавлдың қызын алды. Кіші ұлым Алматыда оқып, сол жақта оңтүстіктің қызын кездестіріп, ақыры сол қызға үйленді. Келініміз жақсы, оған қарсы айтар уәжім жоқ.
Бірақ салт-дәстүрі мен тойға қатысты жоралғылары бөлек әңгіме екен. Мысалы қалың малға ғана екі миллион теңге ақша бердік. Әйтеуір қалада бірнеше дүкеніміз бар, соның арқасында мұндай қалың малды төлей алдық.
Сосын қыздың соңынан келетін дүние-мүлік, киім-кешекте де шек болмайды екен. Тіпті шыны керек келінім сол киімнің жартысынан көбін тіпті әлі күнге дейін киген емес.
Басына біздің көзімізше қайтай-қайта орамалын тағады, біз: "тақпай-ақ, бізде ондай жоқ", "сәлем салмай-ақ та қой" деп айтамыз. Бірақ ол ыңғайсыз деп күнде таңертең иіліп сәлем береді", - дейді ер адам.
Сонымен бірге, ол шымкенттік тойды да сынға алды. Айтуынша, келер адамның санында шек болмай, дастарханға жөн-жосықсыз тағамдар әкеліне береді екен.
"Тойда төрт жүзге тарта адам болды. Қай дастарханда кімнің отырғанын, туыстары ма әлде алыс-жақындары ма, кім екенін сол күні білмей кеттік.
Сосын тост сөйлегенде де бір-бірін тыңдамай, дабырласып, дастархан басында шулап отыра береді екен.
Тағамдарды да жөн-жосықсыз, бірінің үстіне бірін әкеле береді. Ыстық тамақпен бірге қант-кәмпит, тіскебасармен бірге торттар тұра береді екен.
Қысқасы не ішіп, не жегеніңді білмейсің. Тойдың бәрі өтті, кетті, құдалар жаман адамдар емес. Бастысы балаларым бақытты болса болды", - дейді петропавлдық азамат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1787473-kaly-mal-2-mln-tege-symkentpen-kda-bolgan-soltstik-trgyny-tojdan-zaga-stap-kajtkan/