Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қала тым-тырыс": Жойқын жарылыс болған Арыста не болып жатыр (видео)

Жарияланған күні:

Жарылыстар болған Арыс қаласына Askar.dip деп тіркелген желі қолданушысы кіріп, Instagram желісіндегі парақшасында оқиға орнынан түсірген видеоны жариялаған. Ер азамат ол жақта не болып жатқанымен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қала тым-тырыс": Күл-талқаны шыққан Арыста не болып жатыр (видео)
Фото: instagram.com/askar.dip видеодан скриншот: Facebook

Видео авторының сөзінше, қала қоршауға алынғанына қарамастан, ол шаһарға кіріп, не болып жатқанын өз көзімен көрген. Асқар көп адамның қалаға кіруге тырысып жатқанын айтады.

"Шекарада еңсесі түскен ер адамдар көп. Көбінің әйелдері мен балалары қалада қалған. Қала тұрғындарының басым көпшілігін эвакуациялаған, бірақ олар тізімде болмағандықтан, көпшілік қалаға кіріп, туғандары қалып қоймағанына көз жеткізгілері келеді", - деп түсіндірді ер жігіт.

Қалада электр қуаты, интернет пен ұялы байланыс жоқ екен.

Автордың айтуынша, жарылыстар тоқтаған, тек кей жерлер өртеніп жатқан көрінеді.

Ол Арыстың негізгі көшелерімен жүріп, орталық алаңда және вокзалда болған, бірақ еш жерде көзіне адамдар түспеген.

"Қалада мүліктерін тонаудан қорғау үшін өз еркімен қалғандар ғана бар", - деп жазды Асқар.

Ол қаладан қираған ғимараттар, құлаған ағаштар мен бағаналар, бос балалар арбалары және иесіз жүрген жануарларды көрген.

"Қорқынышты көрініс. Қала өліп қалғандай", - деп жазды автор.

Асқардың айтуынша, Арыс қазір тым-тырыс, ол енді жарылыстар болмайды деп үміттенді.

"Адамдардың ұйымшылдығын көріп, тәнті болдым. Қала шетінде ондаған көлік пен еріктілер жүр. Олар адамдарды жақын елдімекендерге жеткізуге әзір", - деп жазды жігіт.

Сондай-ақ, автор Шымкент қаласының орталық мешітіне барған. Оның сөзінше, адамдар зардап шеккендерге киім-кешек пен азық-түлік жеткізуде.

Еске сала кетейік, 24 маусым күні таңғы сағат 09:20-да Арыста орналасқан әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс болып, салдарынан бір адам қаза болған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс, Ішкі істер министрліктеріне және Түркістан облысы әкіміне жарылыс зардаптарын жоюды тапсырма беріп, кейін оқиға орнына өзі аттанды.

Жағдаймен жеке танысу үшін Түркістан облысына келген президент жарылыстан зардап шеккендер мен тұрғындардың хал-жағдайын біліп, мемлекет тарапынан барлық көмек көрсететілетінін айтты.

Бүгін, 25 маусымда үкімет басшысы Асқар Мамин жарылыстан екі адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

Ескерту: Видеода бейәдеп сөздер айтылады!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1801459-kala-tym-tyrys-zojkyn-zarylys-bolgan-arysta-ne-bolyp-zatyr-video/