Шаңырақ көтерген Нұрғали Нүсіпжановты шоу-бизнес өкілдері жаппай құттықтауда
Жарияланған күні:
Күні кеше өзінен 45 жас кіші тележүргізушіні жар етіп алған Нұрғали Нүсіпжановты шоу-бизнестегі әріптестері жаппай құттықтады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Олардың арасында Айқын, Абай Бегей, Меруерт Түсіпбаева, Құрманай Бақтиярқызы, Қайрат Әділгерей бар.
Ақын Құрманай Бақтиярқызы жұбайларды танымайтын адамдардан артық кетпей, керісінше оларға бақыт тілеуін сұраған.
"Нұрғали Нүсіпжанов ұлы тұлға. Жадыраның ақылды, сабырлы қыз екені амалынан көрініп тұр. Жақын танысып араласпаған адамдар артық кетпеңіздерші. Рахмет саған, Жадыра! Қатты ауырып қалғанда, қасынан табылып, жаныңмен беріліп баптағаның үшін! Нұрғали ағам қартайғанда жүрек жылытар, ауыр күндерін ұмытар кезді қайта сыйлаған сіз сияқты жанға лайықты болғанына Аллаға сансыз шүкір. Меруерт Өтекешова анамның қолын сүйгеніңізде, жүрегім елжіреп тұрды.
"Екіқабат шығар" деген жұртым-ау, қай сасқандарыңыз? Қуана алмайсың ба, уыңды шашпа. Жап-жас көңілін жығып, үлкен жанға тұрмысқа шығып, ұлы тұлғадан туып қазақтың ұлы өнерін жалғайтын тұяқ қалдырса, ол Жадыраның ниеті мен бір Алланың қалауында ғой.
Ақ көйлегіңе кір түсірмейтін түсінігі мол арыстан тұлғалы азаматты бақытты еткейсің. Жадыраға дүниесі жетеді. Рухы мықты әкеден, тәрбиесі мол анадан туған қыздың қолынан ұстаған Нұрғали аға жүз жасаңыз!", - деп жазды Instagram парақшасында.
Меруерт Түсіпбаева да өнердегі ағасының бұл ісіне қолдау білдірген.
"Менің анамның сүйікті әншісі. Өнер адамдарының ішінде жүріп, Нұрғали ағамдай интеллигент көрмеппін. Бүгін той туралы естіп, 73-тегі анама "Кумиріңіз үйленді" деп хабарластым. Менің аса сабырлы, исламның барлық дерлік қағидаларын ұстанатын анам жаңалықты қуана қабылдады. Мен талай гастрольде сапарлас болдым. Нұрғали аға, бақытты болыңызшы!
Мен бір адамдай өмірдің ащы-тұщысын көрдім. Талай алтындай жігіттеріміз адасып, өз теңін таппай қор болғанын көрдім. Бір күн болса да Алланың берген бір күні қалса да, бақытты ғұмыр кешіңізші! Сіздей тұлғаға бір тал балама не тілесем, соны тіледім! Қолыңызға қондырған бақ құсыңыз сізді шынайы сүйеді деп сенемін", - деді Түсіпбаева Instagram желісінде.
Өзінен 45 жас кіші әйел алған өнердегі әріптесіне Айқын Төлепберген де қолдау білдірген.
"Басқа-басқа мен ағамды екі қолыммен қолдаймын! Бақытты болыңыз, аға! Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз тағы да шаңырақ көтерді", - деді Айқын парақшасында.
Өткен жылы өзінен 16 жас кіші бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, ұлды болған Абай Бегей де Нұрғали Нүсіпжановтың тағдыры солай болғанын айтып, жұртты тек жақсылық тілеуге шақырды.
"Нұрғали Нүсіпжанов атамызды қуанышымен құттықтаймын! Нұрғали атамыз байлық жинамаған кісі. Жеңгеміз байлығына қызықты деп ойламаймын. Мүмкін ұрпақ қалдыру мақсатында, алде басқа да ойлағандары бар шығар.Біз өміріміз өз ойымыздағыдай болғанын қалаймыз, бірақ кейде Жаратушымыз ойламаған жерден күрт өзгертіп жіберетінін байқамаймыз.
Өзіміздің басымызға түспейтіндей артық әңгіме айтып, "ұрпақ қалдыру енді есіне түсті ма", "анау-мынау" деп сыртынан күлеміз. Нұрғали атамыз өмірін қазақ өнеріне арнаған дара тұлға. Өмірде бәріміз де қонақпыз. Баршамызға атамыздың жасын берсін! Тағдыры солай болып тұр ғой, артық әңгіме айтып керек емес. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз", - дейді әнші Instagram-ында.
Ал "Түнгі студия" бағдарламасының жүргізушісі Қайрат Әділгерей бұл жаңалықты әзілге айналдырып үлгерген.
"Нұрғали ата, қондырған құсыңыз құтты болсын! Әттең, ата-анаңыз бұл қуанышыңызды көрмей кетті-ау! Бойдақтар, "қыз жоқ" деген сылтауларың көк тиын",- деді желідегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, күні бүгін 82 жастағы Нұрғали Нүсіпжановтың үйленгені жайлы ақпарат тараған болатын.
Әншінің таңдауы "Жүрекжарды" бағдарламасының жүргізушісі болған Жадыра Сейдешке түскен.
Сондай-ақ Жадыра Сейдештің әріптесі құрбысының шай үстінде жан сырын ақтарғанын айтып, құпиясымен бөлісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1813329-nrgali-nsipzanov-pen-zadyra-sejdesti-sou-biznes-kilderi-zappaj-kttyktauda/