RU
Ақтөбелік кәсіпкер: Бір жарты арақты қоқысқа тастамаймыз, нанды лақтырамыз

Ақтөбелік кәсіпкер: Бір жарты арақты қоқысқа тастамаймыз, нанды лақтырамыз

Рассказать Вконтакте

Ақтөбенің түбіндегі ауылда қазақтың төл бизнесін дамытып отырған кәсіпкер тұрады. Еңбекке ерте араласқан Бектұрған Ідірісовтің жасы алпысты алқымдаған. Бүгінде Алға ауданындағы мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған азамат мал өсіріп, ет, сүт өнімдерін дайындайды. Ол еңбектің нанын татпай, қадіріне жетпей жүргендер бар екеніне күйінді деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Арақтың жартысын қоқысқа тастамаймыз, нанды лақтырамыз": Ақтөбелік азамат нан қадіріне жетпей жүргендерге күйінді

Бектұрған Ідірісов. Фото: жеке мұрағаттан

"Ауылшаруашылықта ешкімнің жұмыс жасағысы келмейді. Бәріне арзан ет, арзан сүт керек. Оның қандай бейнетпен табылып жатқанын ешкім ойлап жатқан жоқ.

Неге нанның, еттің бағасы арзан? Біз нанның қадірін білмейміз. Әрбір қоқыс жәшігінде нан жатыр. Кейбіреулер нанмен шошқаларын асырайды, малға береді. Нан түгіл еттің қадірін білетіндер аз.

Марқұм әжем: "Біз тек 1956 жылдары ғана нан жедік. Оған дейін быламықпен өмір сүрдік" дейтін. Нанның қиқымына дейін тастамай теріп, аузына салып отыратын.
Біз осыны көріп өстік. Мен қазір осыны әкімдіктегі жиналыстарда айтып жүремін. Нан неге аяқтың астында жатады? Оңай лақтырады. Бір жарты арақ алып, жартысын қоқысқа лақтырып тастайтын ешкімді көрген жоқпын", - дейді Бектұрған Ідірісов.

Алпыс жастағы ел ағасы кәсіппен айналысуды тоқсаныншы жылдардан бастаған.

"Тоқырау заманында бәрін жасадық. Наубайхана жасап, нан саттық. Сүт өнімдерімен айналыстық. Кейін егін ектік. Егіс болмаған соң 2013 жылдан бастап мал шаруашылығына бет бұрдық.

Қарап отырсаң саған аспаннан ештеңе түспейді. Еңбек етемін деген адамға кез келген уақытта жұмыс бар. Алақан жаймай күн көруге болады.

Адам алтынсыз өмір сүре алады, тамақсыз ешкім өмір сүре алмайды. Ауылшаруашылыққа көп көңіл бөлу керек", - дейді Бектұрған ырза.

Кәсіпкердің Алға ауданынан 28 шақырым жерде қыстауы бар.

Қыстың алай-дүлей боранында малшыларын азықсыз қалдырмас үшін ол жигулиден снегоход жасап алған. Ақсақалдың ерекше көлігі ауыл тұрғындарын тәнті етуде.

"Машина жасап, шығарып жатқан ештеңеміз жоқ. Мұны өзімізге қажеттіліктен жасап алдық.  Себебі үлкен снегоходтар 6-7 миллион теңге тұрады. Ал өзім жасағанда бір доғалағы үш жүз мың теңге шамасында. Іске асып кетсе шаруаға ыңғайлы.

Малшының тамағын, көмірін апарып тастайсың. Шағын снегоходпен жүретін жас бала емеспіз. Үйде босқа тұрған көне жигули бар еді. Соны іске асыруды ойладым.

Алдына шаңғысын қойып, жасап шығарған болдым. Шынын айтсам, әлі сынақта жүр. Қызығын көре қойған жоқпын. Жасап шығаруға ұзақ уақыт кеткен жоқ", - дейді ол.
"Арақтың жартысын қоқысқа тастамаймыз, нанды лақтырамыз": Ақтөбелік азамат нан қадіріне жетпей жүргендерге күйінді

Фото: NUR.KZ

"Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын" деген Абайдың сөзін ұғындырған Бектұрған Ідірісов үкіметке алақан жайып, алаңда жүрген аналарға қатысты да ренішін жасырмады.

"Ешкім жұмыс жасағысы келмейді, соған таң қаламын. Қазір атаулы көмек деген бәріне жайлы. Үкімет бағады деп отырады. Міндетсініп алған. Еріншектерге атаулы көмекті шығарып беріп жақсы болды.
Біз жұмыспен қамту мекемесінен жұмысқа баратын адам таба алмаймыз. Олар да күледі: "Аға, олар мал бағып қайтсін, 180 мың теңгеден атаулы көмек алып отыр" деп бізді шығарып салады. Олар онымен қоймай көшеге шығады. Оған еркектері де арланбайды", - деп қынжылды Бектұрған Ідірісов.

Айта кетсек, бұған дейін Алматы облысына қарасты Алакөл ауданындағы Қызылащы аулының тұрғындары жаппай ішімдіктен бас тартып жатқаны хабарланды.

Жергілікті ер азаматтар жақын маңдағы дүкендерден арақ-шараптың барлығын сатып алып, ауыл сыртында көзін жойған. Олар өзге отандастарын харам нәрседен тыйылуға шақырып, эстафетаны тапсырған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel